Рубио: АҚШ Ауғанстан азаматтарына виза беруді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ билігі Ауғанстан азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатты. Бұл туралы X желісінде мемлекеттік хатшы Марко Рубио хабарлады.
«(АҚШ президенті Дональд) Трамптың Мемлекеттік департаменті ауған паспортымен жүретін барлық азаматтарға виза беруді тоқтатты. АҚШ үшін өз елін және халықты қорғау ешқандай міндеттен маңызды емес», деді ол.
Бұған дейін АҚШ Азаматтық және иммиграциялық қызметі (USCIS) шетел азаматтарына босқын мәртебесін беру өтініштерін уақытша қарауды тоқтатқан еді. Трамптың айтуынша, оның әкімшілігі елге келген босқындарды кері қайтаруды жоспарлап отыр және үшінші елдерден келетін адамдарды қабылдау мен орналастыруды белгісіз мерзімге тоқтатады.
26 қарашада Вашингтон орталығында, адмирал Дэвид Фаррагут алаңының маңында бір адам АҚШ Ұлттық гвардиясының жауынгерлеріне қарсы оқ атты. Оқиға орнынан Ақ үйге дейінгі қашықтық шамамен 300 метр. Шабуылшы мен екі гвардияшы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Кейін олардың бірі — әйел әскери қызметкер қайтыс болды. Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм күдіктінің 2021 жылы АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін одақтастарды қабылдау бағдарламасы бойынша елге келгенін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, Ақ үйдің маңында АҚШ Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлеріне оқ атылып, полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Көп ұзамай АҚШ Ұлттық гвардиясының сарбазына оқ атқан күдіктінің жеке басы анықталды. Күдіктінің есімі мен түр-сипаты 2021 жылдың тамыз айында Ауғанстаннан АҚШ-қа көшіп келген ер адамның жеке деректерімен сәйкес келеді.