Рудныйдағы мұз қалашығы ери бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Рудный қаласының әкімдігі құрылыстың құлау қаупіне байланысты «мұз қалашығын» уақытша жауып тастады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

3 қаңтарда Қостанай облысында ауа райы көктемнің күніндей жыли бастады. Күндізгі уақытта термометр нөлден жоғары деңгейге жетіп, кейбір елді мекендерде қар мен мұз ери бастады.
Қауіпсіздікті сақтау шаралары аясында жергілікті билік Рудныйдағы мұз қалашығын жабу туралы шешім қабылдаған.
– Ауа райының құбылуына және ауа температурасының көтерілуіне байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ЦУМ аумағындағы мұз қалашығы уақытша жабылды. Қалашықты қалпына келтіруге қатысты қосымша ақпарат беріледі, - делінген хабарламада.
Облыс орталығындағы шектеулерге келсек, қостанайлықтар да мұз қалашықтарына бара алмай отыр.
– Белгіленген нөлден жоғары температураға байланысты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, 4 қаңтардан бастап сырғанақтардың (Орталық алаң, Жастар бульвары, Жастар сарайы) жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Ауа-райы қолайлы болып, тұрақты нөлдік температура орнаған бойда сырғанақ орындары тағы да халық үшін ашық болады, - деп хабарлады әкімдік.
Айта кетейік, бұған дейін «Астана-Щучье» тас жолындағы жаппай көлік апатында 11 адам зардап шеккенін жазған едік.