Ас беру бәсекеге айналып кетпеді ме
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақстанның әр аймағында қазір ас беру, шежіре жазып, жеті атаны тізу, сөйтіп ата-бабаны ұлықтау жиыны кездесіп жатады. Алуан-алуан ру әліне қарай жиналып, дастархан жайып, ұрпақтары ғана емес, ауылды шақырып, түрлі ұлттық ойындар ойнатады, киіз үй тігеді. Бұл қоғам арасында түрлі пікір туғызды. Kazinform тілшісі мамандардың пікірін білді.

Ас беру бөлінуге әкелмейді, ол ата-бабаны еске алу, рухына тағзым ету — картограф
Қазақ тарихшылары үш жүз туралы зерттеу жүргізді, әлі де осы төңіректегі сұрақтардың жауабын нақтылау үшін архивтерді ақтарып жүр. Бір ғана сұрақ емес, жалпы қазақ тарихы жылдар бойы зерттеліп, зерделеніп келеді.
Kazinform академик Ғизат Табулдинді әңгімеге тартып, ғалым-картографтың ой-пікірін білді.
— Қазақ этносының негізі ғасырлар, жылдар бойы қаланды. Академик Оразақ Смағұлов қазақтың 4 мың жылдық тарихын зерттеді, жазды. Қазақтың арғы тегі осы зерттеуден басталды десе де болады. Қазақ рудан тұрады. Қазіргі кезде 192 ру белгілі. Бірақ адамдар арасында 70-ке жуығы ғана айтылып жүр. Ал 120-дан астамы жойылып кетпеді, олар үлкен ру құрамына кіріктірілді. Бұл академик Ақселеу Сейдімбектің зерттеуі. Бәріміз білеміз, оның 12-і руға жатпайды. Олар қожа, төре, қырғыз, төлеңгіттер деп кете береді. Ал үш жүзге бөліну жайына келер болсақ, Алтын орда ыдырап, Жошы ұлысы құлағаннан кейін қазақ ру-руға бірікті. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз — этномәдени ерекшелігіміздің көрінісі. Бұл әлі толық зерттелмеген тақырып деп айтар едім. Қазір ғалымдар осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа әдістеме, архив құжаттары мен материалдар керек екені жасырын емес, — деді Ғизат Табулдин.

Иә, қазір тек қазақтар ғана емес, қазақ жерінде тұратын өзге этнос та жаным қазақ деп айтады. Тіпті кейбірі анасының руын тізіп жүр. Академик мұны социологизация екенін, дегенмен ген ешқашан өзгермейтінін жеткізді.
— Қытай, оңтүстік-сібір татарлары, корей, славьян, өзбек, қырғыз да осы жерге сіңісіп, немерелері өзін қазақ деп жүр. «Қазақтың арасында тұрамын, тек тәнім дүңген, ал өзімнің жаным қазақ» дейді. Бұл социологизация деп аталады. Бір емес, дәл осындай бірнеше мысал бар. Дүңген де баласын қазақ деп, анасының руын айтады. Мен ол адамдарды білемін, танимын. Социологизация дегенімізбен ген жойылмайды. Әр этностың өз гені сақталады. Ал ата-бабасына ас беруге келер болсақ, бұл — дұрыс. Бөліну емес, рухына құран бағыштау, өткенді еске алу. Кеңес одағы кезінде мұның бәріне тыйым салынды. Ұлттық мерекелер, салт-дәстүріміз тұншықты. Қазір біз өзімізді-өзіміз қайта танып, тегімізді біліп жатырмыз. Одан қорқудың қажеті жоқ. Кейде асыра сілтеп жіберуі мүмкін. Жалпы алғанда қазақ өз тарихи салт-дәстүрін жаңғыртып, дәріптеп жатыр. Оның олқы тұсын көріп тұрғаным жоқ. Картограф ретінде маған ата-бабасы жерленген жерді іздеп келетін адам көп. Іздеп, тауып беремін. Соңғы кезде көбейді. Қарапайым адамдар да, шенеуніктер де бар арасында. Сөйтіп картография бірінші орынға шықты. Ғалымдар адамдардың ата-бабасын іздеген кезде көптеген батырды тапты. Омбы, Орынбор, Иркутск секілді Ресей қалаларындағы архивтен алған құжатымыз бұл. Одан қорықпайық, бұл біздің нағыз өміріміз. Ескере кетерлігі, қолында бар адам ас береді. Кейбірі 500 адамға жасаса, кейбірі 10-15 адам жинайды. Адам саны маңызды емес, — деді Ғизат Табулдин.
Тарихи-танымдық, генеалогиялық мақсатта құп іс — топонимика зерттеушісі Қайыр Рысбаев
Топонимика зерттеушісі Қайыр Рысбаев ас беруге жиналған ұрпақтары бір күннің емес, балалары мен немерелерінің қамын ойлауы тиіс. Қамын ойласа, ысырапшылдыққа жол бермейді, керісінше мұра қалдырады.
— Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады деп айтады. Ру ішінде бірлік болса, қазақ халқында да бірлік болады деп ойлаймын. Әрі бір атаның балалары бір-біріне көмектеседі. Заң бұзбаса, ас беретін қаржы адал келген, жиналған болса мұның еш сөкеттігі жоқ. Тек ас та төк ысырапшылдық та керек емес. Сонымен бірге 10-20 жылда бір рет өткізсе де жарайды. Әрі шежіре кітаптары шығады, туыстары бір-бірін таниды. Сөйтіп тарихтың сақталуына септігін тигізеді. Мұнда ұлттық ойындарды да дәріптеуге болады. Ас беруде ат жарыс, көкпар, жамбы ату өткізсе, спортшылар машықтанады әрі табыс табады. Бәрі бірдей мұндай кең көлемде өткізе алмауы мүмкін. Оған бола жазғыруға, бірін-бірі төмендетуге болмайды, — деді Қайыр Рысбаев.

Қазақ қана емес, әлем елдері де өз ішінде өмір салты мен әдеп-ғұрпына қарай бөлінеді. Бәрі біртұтас ел екенін біледі, өздерін соның бір бөлшегі санайды. Одан қорқудың, үрке қараудың еш қажеті де жоқ. Бұл да зерттеуші ойы.
— Бізде трайбализм, бөліну деген қате түсінік қалыптасқан. Нағыз трайбализм ұжымдастырудан кейін жойылған. Бөліну барлық елде бар. Исландияда IX ғасырдан бастап генеологиясы жазылған ақпараттық жүйелері бар. Олардың шежіре білуі дамуына да, парақорлықты жеңуіне де ешқандай кедергі болмады. Керісінше туыстар арасындағы непотизм, коррупциялық схамеларды шежіре ақылы ашып онымен күресуге болады. АҚШ-та батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік деп бөлінеді. Тіпті унитарлық Францияның өзінде де марсельдіктер париждіктерді жақтырмайды. Жергілікті бөлінушілік болады. Ол сепаратизм емес, ерекшеліктер. Адамдардың бәріне бір киім кигізу мүмкін емес. Бұл да сондай. Әр жердің өз ерекшелігі бар, — деді ол.
Ата-бабаға ас беруде кемшіліктеріміз де кездесіп жатады. Мәселен көбі ескерткіш қоюға әуес.
Батырлардың нағыз бет-бейнесін білмесе де жалпы образды алып, оған миллиондар жұмсайды. Бұл құр ысырапшылдықтың көрінісі.
Дәл сол қаржыны зерттеу жүргізуге, шежіре жазуға, архивтерде көптеген матариалдарды алып зерттеуге бағыттаса құба-құп.
— Өңірдің тарихын зерттеп, ХІХ ғасырдағы Ресей деректеріне сүйенсе дейміз. Шежірені толыққанды жазса, оған қыздарды да қосса дұрыс. Ол көп көмек береді. Тасты алып, миллиондар жұмсап, кез келген жерге ескерткіш қойғаннан гөрі тарихи зерттеу жасаған ұтымды. Жерленген жері аян, бірақ ешқандай белгі қойылмаған ата-бабаларға белгі тас қойса жөн болар еді. Оған аты-жөнін, руын жазса жеткілікті. Тарихи-танымдық, генеалогиялық мақсатта құп іс осы, — дейді Қайыр Рысбаев.

Ру қан тазалығы мен жерді сақтауға ғана қажет болды — Үмбетхан Сәрсембин
Философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин ру-руға бөлінудің екі-ақ пайдасын айтты.
Біріншісі, қан тазалығы. Екіншісі, жерді сақтау. Одан асып дәріптей берсе, жікшілдікке әкелуі бек мүмкін.
— Тарих дегеніміз не? Осы тұста Алаш зиялыларының тәжірибесін, идеяларын ескеруіміз керек. Себебі тарих, тарихи сана мәселесін көтерген, ғылыми, философиялық тұрғыда көңіл бөлген осы Алаш зиялылары еді. Сол кезде де осы мәселе қозғалды. Рудың рөлі қандай? Ру екі жағдайда ғана қажет. Біріншісі, қан тазалығын сақтау, екіншіден, жерді сақтау. Отаршылық заманда бай-болыстар жерді сақтау үшін аталыққа бөліп, шағын ауылдарға қоныстандырды. Бір ғана мақсат — жерді толық пайдалану. Егер жер бос жатса, патша үкіметі алып кетеді. Сөйтіп 10 үй, 2-3 аталық бірігіп отырды. Ал оның әр жағындағы хандар заманын қарайтын болсақ, қазақ жайлауы мың шақырымға дейін созылған. Бірақ Түркістан, Сыр өңіріне қыстады. Рудың қажеттілігі осы кезде анық көрінді, — деді ол.
Бұл - қазақты қазақ қалпында сақтап қалған мықты тұсымыз. Тек патша үкіметі осы күшті қарсы пайдаланды. Сөйтіп ұлтты іштей ірітіп, әлсіретуге тырысты.
— Қазіргі руға бөлінуіміз, тұлғаларды рудың деңгейінде ғана ұлықтауымыз патша заманынан қалып қойған саясатының жарқыншағы деп түсінемін. Егер бұл күш алса, өте зиян. Бізге бірінші ұлттың тұтастығы, мемлекеттің тұтастығы керек. Ғылымда тарихи сана, тарих мәселесі деген бар. Мысалы француздар, немістер XVIII–XIX ғасырларда прогресс идеясын көтерген кезде үш-ақ сұрақты қойды. Біздің тарихымыз қайдан бастау алады? Бізді әлеммен не байланыстырады? Біз әлемге не береміз? Осы үш-ақ сұрақ. Алаш зиялылары осы мәселені көтерді. Бізді әлеммен байланыстыратын Ботай өркениеті, сақтар тарихы, түркілердің тарихы, ислам діні, IX–XII ғасырлардағы ғұламалар, хандарымыз, батырларымыз, әулиелеріміз, Абайды, Алаш зиялыларын айтуымызға болады. Біз тарихымыздың қайтан бастау алатынын, әлеммен не байланыстыратын білеміз. Бүгінгі ұрпаққа жүктелетін міндет — «Біз әлемге не береміз?» деген сұрақ. Қазақ елінің тәуелсіздігін, мемлекетшілдігін әлемге орнықтырамыз десек, осы сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қазіргінің батырлары, жыраулары ғылымда, технологияда алда жүретін адамдар болуы керек, — деді Үмбетхан Сәмсембин.

Тағы бір әттеген-ай бар. Арғы тегін білгісі келетін адам тарихшыға жүгінеді, ал тарихшы тереңге бойламай, жалпыға ортақ дүниені ұсынады. Бұл дегеніміз дерегі мен дәйегі жоқ, құр сөзден құралған қойыртпақ.
Сөйтіп адасу тіні үзілмей, жалғасып келеді. Тіпті атасының атын ғана білетін, оның нағыз тұлғалық қасиетінен бейхабар жан көп.
— Әр рудың ішінен шыққан тұлғалардың басты мақсаты — елдің тәуелсізді, тұтастығы, жердің амандығы. Сол үшін де күресті. Олардың да аманаты мемлекеттік тұтастығы, елдің тәуелсіздігі. Ас бергенде мына мәселеге көңіл бөлу керек. Тарихты дұрыстап зерттеу, тарихтың философиясы. Бізде әлі күнге дейін батырлардың табиғаты, батырлардың феномені толық зерттелмеді. Мемлекетте «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» бағдарламалары бар. Мүмкіндік көп, тек ғалымдар, ғылыми орта осыған әлі толық дайын болмай жатыр. Тұлғаны ұлықтап, ас берген кезде «Не пайдамыз тиеді? Бізге не пайдасы бар?» деген сұраққа жауап болуы тиіс. Тұлғаның бізден күтетіні өзінің аманаты елдің тәуелсіздігі, қоғамның парасаттылығы. Ал ұрпаққа керек нәрсе сол тарихты дұрыстап зерттеп, тұлғаның табиғатын ашу. Қор құрылып, қаржы жиналып жатса, мектеп, балабақша, жол, көпір салу керек, — деді ол.
Дәл осы тұста спикер ұлттың тұлғаларының феноменін зерттейтін институт құруды ұсынды. Батыр деген кім? Әулие кім? Жырау кім? Би кім? Әрқайсының қабілеті, ерекше қасиеті, қызметі бар, демек оны бүгінгі ұрпақ та ажырата білуі тиіс.
— Қазір батырларды ұлықтаймыз, ас береміз. Бірақ шын мәнінде табиғаты қандай екенін де білмейміз. Батыр қолына найза алып, жауға шапқан адам деп ойлаймыз. Шын мәнінде ерекше қабілетке ие адамдар, — деді ол.
Үмбетхан Сәрсембин қазіргі кезде елдің архивтерін ақтарып, ашаршылық кезіндегі нәубеттің құжатын түгендеп жүр. Бұл да талай жанның өз тінінен ажырап қалған кезең. Ол кезді зерттеу мүлде қиын.
— Жеке тарихшылар да көбейіп кетті. Ол өте зиян. Маған да келеді. Мен ғалым ретінде, мемлекет азаматы ретінде ондай қадамға бармаймын. Себебі ғылым жеке адамның емес, елдің мүддесіне қызмет етуі керек. Ғалымдар халықтың аңғалдығын пайдаланбауы қажет. Халық сенеді. Ғалым ретінде сенеді, менен күтеді, бірақ мен оны пайдаланбауым керек. Батырларды зерттеу үшін Ресейдегі әскери архивке дейін баруымыз керек. Ол мемлекет арасында шешілетін нәрсе. Ал кітапқа келер болсақ, кітапты шығара береді. Бірақ тарихтың фактісі, ғылымның фактісі эмоцияны қажет етпейді. Бұл жерде пайым, сараптама керек. Деректерді салыстырып қана шығару керек. Жазған дүние шындық болғаны дұрыс, — деді ол.

Соңғы кезде мешітке де ру атауы беріліп жүр. Түрлі бойтұмарлар шықты. Ру таңбалары да сәнге айналып барады.
— Сол руды ерекше атап, ол тұлғаны рудың тұлғасы ретінде айтар болсақ, онда жікшілдікке әкеледі. Менің атамның жері деп айта берсек, жақсылық емес. Оған сақ болу керек. Жер — ұлттың дүниесі, — деді ғалым.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «ономастикада жершілдік пен рушылдыққа жол бермейміз» деген болатын.