«Рухани жаңғыру»: «Бақытты бала» байқауы жаңа таланттарды елге танытады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде алғаш рет «Бақытты бала» байқауы өткізіледі. Байқауды ұйымдастыруға Димаш Құдайбергеннің ата-анасы, «Димаш Али» шығармашылық орталығы атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру»: «Бақытты бала» байқауы жаңа таланттарды елге танытады

Биыл Ақтөбеде «Бақытты бала» жылы жарияланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» мемлекеттік бағдарламалары аясында Ақтөбеде алғаш рет ашық балалар вокалдық фестиваль-конкурсы ұйымдастырылды. Конкурсқа барлығы 400-ден астам бала қатысуға өтініш білдірген. Олардың 20-сы іріктелді.

«Әділқазылар бір жерде отырып, таланттарды бірге тыңдаған жоқ. Бейнематериалдар әділқазылардың әрқайсысына жіберіліп, олар өздері жеке тыңдады, ұсынысын айтты. Бір-біріне 95 пайызы сай келіп, барлығы 16 қатысушы іріктелуі тиіс еді. Бірақ талантты балалар өте көп. Барлығы 20 қатысушы таңдалды. Олардың басым бөлігі Қазақстанның қалаларынан, сонымен қатар Ресей, Грекия, Өзбекстан, Украина елдерінің таланттары келді. Ақтөбеден 4 бала қатысады», - деді «Димаш Али» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев.

10-15 жастағы өнерпаздар алдымен өз ана тілінде ән шырқап, кейін әлемдік хит әндерді орындады. Әділқазылар арасында педагогтар басым. Олардың арасында Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов, Қазақстанның эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Нодира Перматова, Украинаның алтын дауысы Влад Сытник, Түркия әншісі Эмре Юселен бар.

«Бақытты бала» байқауы 2019 жылы Ақтөбеде, 2020 жылы Астанада, 2021 жылы Алматы қаласында өткізілуі мүмкін. Бұл байқауды Ақтөбенің брендіне айналдыру мақсатында ең жоғары дәрежеде ұйымдастырдық», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген «Бақытты бала» байқауында ақылдастар алқасында болып, өзі атаулы жүлдемен өнерпаздардың бірін марапаттайды. Байқау концертіне кіру үшін Алға балалар үйі мен патронаттық тәрбиедегі балаларға тегін билет таратылған. Әрі байқаудың теленұсқасы түсірілмек. Димаш Құдайбергеннің «Бастау» концертін ұйымдастырған режиссер Анна Обоянская гала концертте шоу бағдарлама болатынын жеткізді. Бас жүлдеге 2 миллион теңге, І орынға 1,5 миллин теңге, ІІ және ІІІ орындарға 750-500 мың теңге беріледі.