Рухты дауысымен 20 жыл әскери шеруді жүргізген диктормен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM — Тыңдарман түрін біле бермесе де, дауысынан жазбай танитын тұлғалар бар. Солардың бірі — 20 жылдан бері әскери шеруді жүргізіп келе жатқан Азамат Қанапия.

«Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған диктор ісінің қыр-сырын ақтарды.
— Ең алғашқы шеру 2005 жылы болды ғой деймін. Биыл менде мерейтой десе де болады. Себебі, әскери шеруді жүргізіп жүргеніме 20 жыл болыпты. 20 жылдан бері биыл 13-парадты жүргізіп отырмын. Ең алғашқы парадты сол кездегі Ақпарат және мәдениет министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бірігіп ұйымдастырды. Сосын парадты жүргізетін адамдарды шақыртты. Ол кездегі Мәдениет министрі «Көшпенділер» киносын көрген де, ондағы дауысты ұнатқан болуы керек. Содан кейін осы дауыс парадты жүргізеді деп, мені шақырған. Ал орысша жүргізуге 3 адамды шақыртты. Олардың әрқайсысын тыңдап көріп, ішінен біреуін таңдады, — дейді диктор.
Әскери парад жүргізушісі әр шеруде микрофон тізгінін ұстаған сайын қобалжитынын жасырмады.
— Алғашқы парадта ғана емес, қобалжу барлық жерде болады. Мысалы, биылғы парадта оқитын мәтіннің өзі 77 бет. Ол жерде жаңылмау керексің. Кейде оқитын мәтінің ұзақ болып кетсе, үлгеру қажет. Орайын келтіріп, дер кезінде тоқтап, мінбер алдынан өтіп бара жатқан әскерилерді айтып үлгеруің керек. Мәтінді оқып қана қоймай, оның алаңдағы іс-әрекетке сай келуін түгелдей бақылап отырасың. Сондықтан жауапкершілігі өте ауыр. Ол жерде құр оқып қана қоймайсың. Оқыған кезде ол тыңдарманның құлағына жетіп, олар өзіне рух алу керек. Сенің негізгі міндетің сол болғандықтан, әрбір адамға ой салып, жүрегіне жеткізе білу керек, — дейді Азамат Қанапия.
Азамат Қанапияның есімін әскери шерулерде ғана естімейсіз. Теледидарды қоса қалсаңыз, қазақша дыбысталған екі фильмнің бірінен дәл осы қоңыр үнді тыңдауға болады. Маман өзінің дикторлық мансабына қалай келгенін де айтып берді.
— Мен негізі актермін. Театрда жұмыс істедім. Ал бұл жұмысқа шамамен 23–24 жасымда келіппін. Ең басында «Хабар», «Еларна» телеарналарында фильмдерді, түрік сериалдарын қазақшалап бастады ғой. Біз де сол алғашқы толқынға келіп түстік. Содан кейін осы салаға бірыңғай кірісіп кеттік. Кейде актерлікті де сағынамын, — дейді ол.
Диктор кейде өзін дауысынан танып жататындардың жиі жолығатынын жеткізді.
— Кейде телефонға жауап бергенде тапсырыстар түсіп, арнайы дауыспен сөйлеуге тура келеді. Сол кезде қасыңда естіп қалған адам бірден танып жатады. Ауызекі тілде білдіртпеуге тырысамын. Бірақ соған қарамастан бірден танитындар да табылып жатады, — дейді маман.
Кәсіби маман әріптестеріне дұрыс дауыс қоюдың бірнеше техникасын да түсіндірді.
— Жұмыртқа адамның дауысына айтарлықтай әсер етпесе де, ол адамға күш береді. Мәтінді мәнерлеп оқыған кезде көбіне деммен жұмыс істеу керек болады. Ондай кезде диафрагмада күш көп болу керек, яғни, демнің үстіне отырып алып сөйлеген кезде адам шаршамайды және тамағына да көп салмақ түспейді. Сөйлеген кезде күш болады. Ал жұмыртқа адамға сол күшті береді. Негізінен адамға күш-қуат беретін ең басты нәрсе — бұл дем. Одан кейін техника. Артикуляцияға келген кезде дикцияға арналған көптеген жаттығу бар. Мысалы, «жздра, жздре» деген секілді. Әріптерді әдейілеп шығарып, аппаратты тірілтіп алып, сосын барып жұмыс істеу керек. Ал дауысты ашуға келер болсақ, өзің айта алатын әніңе қосылып, оны бар дауысыңмен, бірақ тамаққа салмай айтсаң, дауысың ашылады. Ашылған дауыспен ары қарай жұмыс істеу де оңай болады, — дейді ол.
Еске сала кетейік, елордада әскери шеруге байланысты бірнеше көше уақытша жабылады.