Руслан Дәленов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты түсінік берді

«2019 жылы номиналды Жалпы ішкі өнім 64,3 трлн теңге көлемінде болжанады. Экспорт 54,4 млрд АҚШ доллары, импорт 32,9 млрд доллар көлемінде болжанады. 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері ағымдағы жылдың сәуір айында нақтыланған көлемде сақталған», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік- экономикалық даму болжамының параметрлері бұрынғы деңгейінде сақталған және өзгермейді. 2019 жылға мұнайдың болжамы бағасын бір баррель үшін 55 АҚШ доллары деңгейінде сақтау ұсынылады. ҚР Ұлттық банкінің болжамдары бойынша жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде сақталған. Ағымдағы жылдың басынан бері экономиканың даму серпіні ескеріле отырып, 2019 жылы ЖІӨ-нің өсуі бұрын бекітілген 3,8 пайыз деңгейінде болмақ.
Бюджетті нақтылау аясында Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады. 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік шараларды күшейтуге, тұтынушылық несиелер бойынша халықтың борышын төмендетуге, сондай-ақ Үкіметтің резервін ұлғайтуға жіберу ұсынылады.
Айта кетейік, жалпы отырыста палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы» заң жобасын талқылап жатыр.
Еске сала кетейік, Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды.
Атап айтқанда, маңызды шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет болды. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімі ұзартылды.