Руслан Құрбанов: Алдағы мақсатым – Олимпиада медалі
АСТАНА. KAZINFORM - Гран-при турнирінде күміс медаль алған қазақстандық семсерлесуші Руслан Құрбанов Kazinform агенттігі тілшісімен сұхбатында мансабындағы жетістіктер мен сәтсіздіктер жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ Қазақстанда семсерлесу спортын жаңа биіктерге көтеру үшін қандай жұмыс істеу қажеттігі жөнінде ой бөлісті.

- Руслан, Колумбиядағы Гран-приде алған күміс медальдан кейінгі әсеріңіз қандай? Ол көрсеткішке көңілің тола ма?
- Өте ризамын. Бұл - мен үшін Гран-приде алған алғашқы медаль. Оның күміс болғанына қуаныштымын. Ол маған көптеген жағымды әсер сыйлады. Жаңа бапкермен өте ауқымды жұмыс жасалды. Ол бірлескен еңбектің алғашқы жемісін беріп отыр. Оған өте разымын.
Сондықтан біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын. Бұл бізге қосымша күш пен мотивация береді.
- Сіздің 12 жастан бастап семсерлесу спортында келе жатқаныңызды білеміз. Осы уақытқа дейін аталған спортта сізді қандай нәрсе ұстап келеді? Ол қызығушылық па, тәртіп немесе амбиция ма?
- Рас айтасыз, менің спортта жүргеніме 20 жылға жуықтады. Мені спортты ұстап жүрген нәрсе қанағаттанушылық деп ойлаймын. Ең бастысы, менің әлі жетпеген мақсатым бар. Ол - Олимпиада медалі. Оған жақындап келемін.
- Сіз біздің елімізде семсерлесу өзге спорт түрлері секілді жоғары деңгейде дамыған жоқ деп санайсыз ба? Оның әзірге бұқаралық сипат алмауына қандай себептер бар?
- Шынында, ол біз қалаған деңгейде дами қойған жоқ. Бұл бірнеше факторға байланысты.
Біріншіден, спорттың бұл түрі елімізде кең ауқымда танымал бола алмай келеді. Мысалы, ол Қазақстанда Франция, Италия немесе Венгрия сияқты халықтық мәдениетте тамыр жайған жоқ.
Ол мемлекеттерде семсерлесу ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Онда балалар семсерлесу спортының қыр-сырын үш-төрт жастан меңгере бастайды. Оны ұлттық спорттық және мәдени мұраның бөлігі ретінде қабылдайды.

Екіншіден, кез-келген спорт түрін дамыту үшін белгілі бір ресурстың болуы өте қажет. Мәселен, зал секілді техникалық жабдықтар - негізгі талаптың бірі. Қазір ол еліміз бойынша онша көп емес. Мен олардың көбірек болғанын қалаймын. Осылайша жас және өскелең ұрпақтың залға келіп, өз шеберлігін шыңдауына мүмкіндік туады.
Келесі себеп - бапкерлердің саны мен сапасына байланысты. Менің ойымша, біз бапкерлер пулы қалыптасатын алғашқы сатыда тұрған шығармыз. Осы екі фактордың үйлесімді дамуs семсерлесу спортына ерекше серпін беретініне шын жүректен сенеміз. Соңғысы спорттың аталған түрін кеңінен насихаттау мақсатында баспасөз саласының кеңінен қолдауы қажет деп санаймын. Дәстүрлі баспасөз арналары арқылы семсерлесу спортын және оның ерекшелігін адамдар көбірек таниды.
Жалпы, кейінгі уақытта семсерлесуден спортшылар үлкен қолдауды сезініп келеді. Ол Токио Олимпиадасына дайындықтан басталды. Сол арқылы спортшылардың еңбек жағдайы да айтарлықтай өзгерді. Бұрын тек құрама төрт адамнан ғана құратын еді. Енді олардың саны өсті.
Париждегі жиынға онға жуық адам қатысты. Олардың арасында жастар да бар. Бұл бәсекелестіктің дамуына жол ашты. Жастар әлемдік аренада өз күшін сынап көре алады. Бұл спортшылар алдағы уақытта құраманың негізгі командасына бәсекелестік көрсете алады. Ол семсерлесу спортының дамуына жол ашады.
- Сіздің спорттан қол үзуге шешім қабылдаған сәтіңіз болды ма? Бұл уақытта пікіріңізді өзгертуге қандай жағдай әсер етті?
- Барлығын тастап, спортты тоқтату туралы ойлар жиі кездеседі. Кейде бұл «менікі емес» ой туындауы мүмкін. Әсіресе, сәтсіздіктер тізбегі жалғасқан сәтте көкейге қонақтайды. Ондай ойдың 16-18 жаста болғаны рас. Тіпті 30 жасымда спорттан кетуге байланысты ой келді. Шынымды айтсам, Парижден кейін осындай шешім қабылдауым мүмкін еді. Бірақ мені тек Олимпиада медалі алға жетелейді. Бұл - мен үшін ең маңызды мотивация. Себебі, менде барлық медаль бар. Атап айтқанда, Гран-при, әлем кубогы, Әлем чемпионаты, Азия ойындары, Азия чемпионаты және басқа да жарыста жүлделі орыннан көріндім.

- Сізде сайысқа дейін белгі, дәстүр, ерекше әрекет секілді жасайтын рәсімдер бар ма?
- Мен соңғы уақытта бұған ерекше назар аудармауға тырысамын. Бірақ қарапайым және негізгі принциптер бар. Ол үшін жарысқа жақсы дайындалу қажет. Ең бастысы, жақсы тамақтану, жеткілікті ұйықтау, сәтсіздік тіркелген жағдайда да жағымды сәттерді табу - негізгі қағида.
- Жарыстан тыс уақытта Руслан Құрбановтың күнделікті өмірі қалай өтеді?
- Тамаша күнді сипаттайтын болсақ, таңертең ағзаға сіңімді астан басталады. Келесі кезекте тауға шығуға көңіл бөлемін. Ол маған физикалық және эмоционалды ерекше күш береді. Содан кейін өзге адам секілді сезіне аласың. Оған қоса физикалық белсенділікті арттыруға болады.
Көшедегі тренажерлер, спорт алаңы, жүгіру өзіңді қалпыңда ұстауға мүмкіндік жасайды. Ең бастысы, отбасың мен жақынымның арасында болуға көбірек уақыт бөлемін. Біз тұрақты түрде оқу жиынында, жарыстарда боламыз. Сондықтан жақының, ата-анаңның, достарыңның қасында жүруге уақыт жетпей жатады. Сол себепті отбасыма көбірек уақыт бөлуге тырысамын.
- Алдағы жылға басты мақсатыңыз қандай?
- Биылғы меже - Азия чемпионаты. Ол маусым айында Балиде өтеді. Одан кейін шілде айында Грузия астанасы Тбилиси қаласында әлем чемпионаты жалауын көтереді. Менің басты мақсатым – аталған жарыстарда барынша жоғары нәтижеге қол жеткізу.
- Сіз мансабыңызды аяқталғаннан кейін бапкер немесе спорт функционері болуды қарастырасыз ба?
- Мансабымды аяқтағаннан кейін спортта қалғым келеді. Жинаған білімім мен тәжірибемді беру және үлкен биіктерге жету арқылы қоғамға пайдалы іс жасағым келеді.
- Сізге кімдер қолдау көрсетті? Сол жайында айта кетсеңіз.
- Өте орынды сұрақ. Мені қолдаған адамдар саны аз емес. Атап айтатын болсам, әйелім мен үшін үнемі алаңдайды. Ол - менің басты жанкүйерім. Сондай-ақ, әрине, отбасым - ата-анам, туыстарым, достарым, бапкерлер, басшылық, дәрігерлер мен массажистер жоғары жетістікке жетуіме қолдау білдіріп келеді. Олардың арқасында мотивация пайда болады. Өйткені, біз тек жеңіске жетіп қана қоймай, ұтыламыз. Жақындарым мені қолдайды және алға серпін береді.
- Әңгімеңізге рақмет.
Еске салсақ, қазақстандық семсерлесушілер Франциядағы әлем кубогының кезеңіне қатысып жатыр.