Рютте: НАТО-ның әскери шығындары 10 жылда бір триллион долларға өсті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың ықпалымен бұл шығын алдағы уақытта тағы бірнеше триллион долларға артады. Бұл туралы НАТО Бас хатшысы Марк Рютте мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Марк Рютте
Фото: 1tv.ge

Гаагада өткен НАТО саммиті қатысушыларына арналған салтанатты қабылдауда сөйлеген Рютте альянстың соңғы 10 жыл ішіндегі әскери шығындарына тоқталды.

– Соңғы онжылдықта НАТО-ның әскери шығындары бір триллион долларға артты. Бұл сіздің арқаңызда, президент Трамп. Сіз бізді алға жетеледіңіз. Енді бұл шығындар тағы бірнеше триллион долларға көбеймек, – деді ол.

Рюттенің айтуынша, бұл өсім альянстың қорғаныс шығындары бойынша қазіргі 2% көрсеткішін 2035 жылға қарай ІЖӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жоспарына байланысты болмақ. Бұл шешім 25 маусымда Гаагада өтетін саммитте қабылданады деп күтілуде.

НАТО көшбасшыларының негізгі кездесуі 25 маусым күні өтеді. Үш сағатқа жоспарланған пленарлық отырыста 32 қатысушы елдің әрқайсысына шамамен 5,5 минуттан сөз беріледі.

Алайда Рюттенің алдын ала айтуынша, бұл жолы әскери шығындар туралы ешқандай нақты пікірталас болмайды. Себебі қорытынды мәлімдеме дүйсенбі күні-ақ келісіліп қойған. Саммитте ел басшылары тек оған қол қойып, қысқаша саяси мәлімдемелер жасайды.

Бұған дейін НАТО елдері қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5%-ына дейін ұлғайтуға келіскенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар