С5+ форматы: Орталық Азия мен Ресей ынтымақтастығының стратегиялық мәні

АСТАНА. KAZINFORM – Күздің саяси күнтізбесіндегі маңызды оқиғалардың бірі – бүгін және ертең Душанбеде өтетін «Орталық Азия - Ресей» форматындағы кездесу және ТМД елдері басшыларының саммиті болмақ. «ОА - Ресей» – аймақ елдерінің басшылары бір үстел басында жиналып, экономикалық серіктестік пен қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылайтын толық форматтағы кездесу. Осы орайда Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге жиынның мән-маңызын және оның аймақ үшін ықпалын талдап көрді.

ОА + Ресей
Коллаж: Kazinform/ akorda.kz/ Canva

Орталық Азия: жаңа дипломатиялық белсенділік

Орталық Азия елдері әлемдік саясат сахнасында өз орны мен рөлін анық көрсетіп отыр. Мұның айқын көрінісі – «ОА+» форматындағы жаңа диалог алаңдарының көбеюі. Бұл бағыттағы алғашқы маңызды қадам 2004 жылғы 28 тамызда жасалды. Сол кезде Жапония сыртқы істер министрі Ёрико Кавагути Астанада өңірдің бес мемлекетінің министрлерімен кездесті. Бұл тарихи кездесу аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін бір ортақ алаңда талқылауға мүмкіндік берді.

Содан бері әр түрлі деңгейінде маңызды саммиттер жүйелі түрде өткізілді. Әсіресе, кейінгі 2-3 жылда мемлекет басшылары деңгейінде Орталық Азия мен әлем державаларының көшбасшыларының кездесулері жиіледі. 2023 жылы Нью-Йоркте «ОА – АҚШ», Сианьда «ОА – Қытай» саммиттері өтті, ал 2025 жылы Қытаймен арадағы кездесудің екінші кезеңі Астанада ұйымдастырылды. Сол кезеңде «ОА – Германия», «ОА – Парсы шығанағы елдері», «ОА – Үндістан» және «ОА – Италия» саммиттері өткізілді. Сонымен қатар, Еуропалық Одақпен кездесулер Астана мен Шолпан-Атада өтті.

ОА+
Инфографика: Kazinform\ Ресейден бөлек, ОА+ форматында өткен ең маңызды кездесулер

Өзара байланыс тек сыртқы әріптестермен шектеліп қалған жоқ. Орталық Азия басшыларының қатысуымен өткен бес консультативтік кездесу өңірлік ынтымақтастықты бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. 2018 жылы Астанада алғашқы кездесуде қауіпсіздік мәселелері талқыланса, 2019 жылы Ташкентте бесжақты шартқа қол қою ұсынылды. 2021 жылы Түрікменбашыда Парламентаралық және Жастар форумын шақыру, Іскерлік кеңес құру туралы бастамалар көтерілді. 2022 жылы Шолпан-Атада бесжақты шартқа қол қойылып, «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасы бекітілді. 2023 жылы Душанбедегі саммитте Ұлттық үйлестірушілер кеңесі құрылды.

«ОА+» саммитіне оралайық. Биылдың өзінде бірнеше форум өткенін атап өттік. 2025 жылы мамырда Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони «Орталық Азия + Италия» форматындағы алғашқы саммитке және елімізге ресми сапары аясында Астана халықаралық форумына қатысты. Бұл оқиға екіжақты қатынастарды нығайту үшін ғана емес, Еуроодақпен аймақтық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін де маңызды болды. Сол арқылы Италияның жаһандық сауда-экономикалық байланыстар қайта құрылып жатқан тұста Орталық Азияда белсенді рөл атқаруға ниетті екенін байқауға болады.

Сондай-ақ, 2025 жылы 17 маусымда екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге және бауырлас мемлекет басшыларына өңірлік ынтымақтастыққа көрсеткен тұрақты қолдаулары үшін алғысын білдірді.

Осы секілді Орталық Азия мен Ресей саммиті де екінші рет өткелі отыр. Алғашқысы 2022 жылы Астанада өткен болатын. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл шекара бойында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап көрсеткен еді. Ол терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті деп атап өтті.

ОА
Фото: Ақорда

Бұл формат Орталық Азияның халықаралық сахнадағы рөлін айқын көрсетті. Енді аймақ тек Азия мен Еуропаны жалғайтын көпір ғана емес, халықаралық шешімдер қабылдауға тікелей ықпал ете алатын дербес ойыншыға айналды. Экономикалық әлеуеттің артуы, энергетикалық жобалардың дамуы және адами капиталға басымдық беру өңірдің жаңа дипломатиялық картаның маңызды торабы екенін дәлелдейді.

Душанбедегі саммит: күн тәртібі мен басты мақсаттар

Ілгеріде атап өткеніміздей, Тәжікстан астанасы Душанбеде 9 қазанда алты ел – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттерінің қатысуымен «Орталық Азия - Ресей» форматындағы саммит өтеді. Биылғы кездесу экономикалық серіктестікті тереңдетуге, сауда және көлік дәліздерін дамытуға, энергетикалық және су ресурстарын тиімді пайдалануға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар мен жастар ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.

Саммит барысында басты назар үш бағытқа аударылады:

  • Біріншіден, қауіпсіздік пен тұрақтылық – терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, трансшекаралық қауіп-қатерлерді төмендету, әскери ынтымақтастықты дамыту.
  • Екіншіден, экономикалық серіктестік – сауда айналымын арттыру, көлік-логистика дәліздерін дамыту, энергия мен су ресурстарын тиімді пайдалану.
  • Үшіншіден, әлеуметтік-экономикалық даму – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды ынталандыру, цифрлық экономика мен инновациялық технологияларды енгізу. Сонымен қатар, білім, мәдениет және жастар ынтымақтастығы да күн тәртібінде.

Айта кетерлігі, Душанбедегі саммит Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) саммитімен қатар өтеді. Бұл өңірлік ынтымақтастықты үйлестіру үшін стратегиялық маңызды кезең, аймақ елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін диалог алаңын бекітеді.

Сарапшылар не дейді?

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы Санат Көшкімбаев Душанбеде өтетін «Орталық Азия - Ресей» кездесуінің маңызын ашып айтты.

- Бұл саммит тек екіжақты немесе көпжақты байланыстардың орнын алмастырмайды, керісінше, оларды толықтырады. Негізгі артықшылығы – саяси шешімдерді тез қабылдау, инфрақұрылым, транзит және энергетика жобаларын үйлестіру, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық бастамаларды бірге іске асыру, – дейді сарапшы.

Санат Көшкімбаев
Фото: Санат Көшкімбаевтың жеке мұрағатынан

С. Көшкімбаев ел басшылары бір үстелде отырып, ірі жобаларды нақты үйлестірсе, бұл аймақтың тұрақты дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға нақты мүмкіндік беретініне назар аударды. Дегенмен, ол экономикалық жүйені түбірімен өзгертетін революциялық құжаттарды бірден күтуге болмайтынын айтты: «Саммит кезінде бірден революциялық өзгерістер күтудің қажеті жоқ. Бірақ ұзақ мерзімді жобалар мен бағдарламаларды бастауға мүмкіндік болады, олар болашақта халықтың өмір сүру деңгейі мен елдердің экономикалық дамуына әсер етуі мүмкін».

Сарапшы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарынан бері ұстанып келе жатқан көпвекторлы саясатының маңызына ерекше тоқталды.

- Еліміз тек бір мемлекетке ғана тәуелді болмай, бірнеше маңызды елмен тең қарым-қатынас жүргізуге тырысады. Бұл саммит - Қазақстанның көпвекторлы саясатынан ауытқу емес, керісінше, Ресеймен стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін маңызды құрал. Мұндай тепе-теңдік сыртқы шиеленістер кезінде маневр жасауға және саяси шешімдерде тәуелсіздікті сақтауға мүмкіндік береді, – дейді Санат Көшкімбаев.

Ресеймен ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын сарапшы нақты мысалдармен түсіндірді.

- 2024 жылы Ресейдің үлесі Қазақстанның сыртқы саудасында шамамен 20%-ды құрап, екіжақты сауда көлемі 28 млрд долларға жетті. Бірақ басты мақсат – тек сауда көлемін ұлғайту емес, сауданы әртараптандыру, шикізаттан тыс экспортты көбейту және ЕАЭО нарығына бағытталған бірлескен өндірістерді дамыту, – деп атап өтті ол.

Казахстан и Россия
Коллаж: Kazinform/ DALL-E

Өндірістік кооперация да - екіжақты қатынастардың қозғаушы күші. 

- Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейде 171 бірлескен жоба бар, жалпы құны - шамамен 56 млрд доллар. Бұл жобалар машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісін қамтиды. Жобаларды іске асыру мыңдаған жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді С. Көшкімбаев.

Ғылыми-технологиялық ынтымақтастық та маңызды. Бірлескен жобалар жаңа технологияларды енгізуге, инновациялық жобаларды дамытуға және өңірлік бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігін тигізеді.

- Сауда-экономика, өндіріс және ғылыми-технологиялық салалар - Қазақстан үшін Ресеймен ынтымақтастықта ең перспективалы бағыттар. Бұл байланыс тек экономикалық өсуге ғана емес, өңірлік тұрақтылық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады сарапшы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Душанбеде өтетін саммитке қатысты пікір білдіре отырып, Орталық Азия елдері жеке-жеке Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

- Мысалы, Қазақстан мен Ресейдің арасында достық және ынтымақтастық туралы екіжақты келісім бар. Сонымен қатар, осы саммитке қатысатын елдер ЕАЭО, ТМД, кейде ҰҚШҰ аясында жұмыс істейді. Әр елдің Ресеймен бөлек келісімдері бар, – деді ол.

Политолог Газиз Абишев
Фото: azh.kz

Ғ. Әбішевтің пікірінше, Ресейдің бұл форматқа қатысуының басты себебі – өз орнын сақтап, аймақтағы серіктестіктен шет қалмау. Ал Орталық Азия елдері үшін «С5+Ресей» алаңы сыртқы серіктестер алдында «біртұтас өңір» ретінде көріну мүмкіндігін береді.

- Бұл формат негізінен Түрікменстан мен Өзбекстанды ортақ диалог алаңына тартуға арналған, бірақ олар интеграцияға келгенде сақтық танытады, – деп қорытындылады саясаттанушы.

Ал Ресейдегі Аймақтық проблемалар институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлев алдағы кездесуде экономика, энергетика және көші-қон мәселелерін реттеу басты назарда болатынын атап өтті.

- Қазақстан үшін көші-қон тақырыбы аса өзекті емес, алайда экономикалық ынтымақтастық ауқымы кең, өйткені Ресей мен Орталық Азия елдерінің экономикалары жақында бірыңғай шаруашылық жүйесінен шықты. Қауіпсіздік мәселелері де қаралады, бірақ ол негізгі тақырып болмайды. Өйткені, бұл үшін басқа алаңдар, мысалы, ШЫҰ бар, – деді сарапшы.

Саммит в Душанбе может задать новый вектор сотрудничества ЦА и России — эксперты
Фото: Дмитрий Журавлевтің жеке мұрағатынан

Басты назар көлік инфрақұрылымын дамытуға аударылуы мүмкін. Сарапшы екіжақты форматта еңбек миграциясы мәселесіне ерекше назар аударылуы мүмкін екенін айтты, себебі ол кейбір Орталық Азия елдері үшін маңызды. Жалпы, кездесуге қатысушылар экономикалық интеграцияны тереңдетуге мүдделі: біреуіне инвестиция қажет болса, екіншісіне нарықтар, үшіншісіне технологиялар қажет. Дмитрий Журавлев «Орталық Азия – Ресей» форматы болашақта тұрақты жұмыс істейтін жүйеге айналып, ТМД-ның орнын басуы да мүмкін деген пікір білдірді.

Осылайша, «Орталық Азия – Ресей» саммиті Қазақстан үшін Ресеймен стратегиялық тепе-теңдікті сақтау мен өңірлік серіктестікті нығайтуға арналған маңызды алаң болып отыр. Бұл кездесу аймақ елдерінің басшылары үшін символдық мәнге ие – бір үстелде отырып, ортақ мақсаттар мен жобаларды үйлестіру мүмкіндігі беріледі. Сарапшылардың пікірінше, саммит бірден революциялық өзгерістер әкелмесе де, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты күшейтіп, аймақтың экономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге нақты мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9-10 қазан күндері Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның шақыруымен «Орталық Азия – Ресей» саммитіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Душанбеге барады.

Соңғы жаңалықтар