Сәбидің алғашқы киімі: Дайын топтаманы таңдау әлде өзің жинақтау
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниеге сәби келсе, бұл отбасылық қуаныш әрі үлкен дайындық кезеңі. Отбасы күніне орай қазақстандық ата-аналардың дайындық шығынын есептедік. Дайын жиынтықты алған дұрыс па әлде сәбиге қажетті киімді өзің таңдаған тиімді ме? Kazinform агенттігінің тілшісі бағаны салыстырды.
Қазір нарықта бірнеше киімнен тұратын шағын жиынтық та, 10-30 түрлі бұйым кіретін толыққанды топтама да бар. Адамдар таңдауы мен талғамына қарай ең тиімдісін алады. Мәселен, маркетплейстерде бағасы небәрі 4 715 теңге болатын жиынтықтар ұсынылған. Оның ішінде шақалаққа арналған киімдерінің бәрі бар. 11 негізгі киімге мыналар кіреді: көйлекше, шалбар, боди, еңбектеме (ползунки — ред.), бас киім, алжапқыш, тырнауға қарсы қолғап және тағы басқа заттар. Сонымен қатар 11 297 және 14 697 теңге тұратын жиынтықтарды да сатып алуға болады. Баға топтамадағы киім санына ғана емес, матасына, өндірушісіне байланысты өзгеріп отырады. Бренд киімнің бағасы жоғары болары сөзсіз.
Перзентханадан шығуға арналған жиынтық — бөлек топтама. Мұнда баға ең алдымен баланың қай мезгілде дүниеге келетініне және жиынтықтағы заттардың санына байланысты болады. Хабарландыруларда төрт заттан тұратын, бағасы 2 500 теңгеден басталатын жиынтықтар да, көрпе, жылы күрте, бас киім және басқа да керек-жарақтары бар 14 000 теңгелік жиынтықтар да кездеседі. Жалпы бағасы төмен болса, жиындық ішіндегі киім саны аз болады және сапасы да көңілден шықпауы мүмкін. Мұндайда басқа жолды, яғни, әрқайсысын бөлек-бөлек сатып алып, үнемдеуді ұсынады. Алғашқы кезде сәби үшін ондаған киім түрін бірден сатып алудың да қажет жоқ. Мәселен, маркетплейстерде қарапайым базалық жиынтық бағасы шамамен 12 000-18 000 теңге болады. Сонымен бірге сапалы мақта матадан тігілгенін, оған қосымша ауыстырып киетінін ғана таңдауға мүмкіндік бар. Оған перзентханадан шығуға арналған көрпе немесе дайын орама таңдауға болады. Бағасы 20 000-30 000 теңге және одан да жоғары.
Еліміздің өңірлеріндегі дайын жиынтық бағасын салыстыратын болсақ, ең арзан жинақты Қостанайдан табуға болады. Бағасы 2 000 теңгеден басталады. Қызылордада баға 2 450 теңге, ал Өскеменде 2 700 теңге және одан жоғары.
Алматыда дайын жиынтықтың ең төмен бағасы 3 000 теңгеден, Петропавлда 3 200 теңгеден, Оралда 3 500 теңгеден, Астанада 3 800 теңгеден басталады. Павлодар, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Тараз және Талдықорған қалаларының тұрғындары жаңа туған сәбиге арналған дайын жиынтықты орта есеппен 5 000-8 500 теңгеге сатып ала алады. Атырауда мұндай жиынтықтың ең төмен бағасы 10 000 теңге. Түркістан мен Ақтөбеде дайын жиынтықтардың бағасы 15 000 теңгеден басталады. Ақтауда жиынтықтарды 30 000-40 000 теңгеге табуға болады.
Сонымен қатар кейбір қалаларда жаңа туған сәбиге арналған дайын жиынтықтардың ең жоғары бағасы 70 000 теңгеге дейін жетеді, ал кей жерлерде бренд жиынтықтардың бағасы 150 000 теңгеге дейін барады.
Жаңа туған сәбидің киімін жеке таңдап, жинақтап алуға да болады. Бұл сенімді әрі күнделікті киюге ыңғайлы. Осы жолды таңдаған ата-ана бірнеше боди, еңбектеме және жөргек қана алады. Біз ата-аналардың өздері жинаған жиынтықтарының бағасын салыстырып, ерекшелігін білеміз. Оған екі жөргек, екі көйлекше, екі еңбектеме, боди, бас киім және қолғап кіреді. Айта кетейік, бағаны салыстырған кезде орташа көрсеткіш алынды. Баға дүкенге, брендке және материалына қарай өзгеруі мүмкін. Мысалы, жөргектің де бірнеше түрі бар. Шыт жөргектердің бағасы әдетте 600-1 200 теңге, түкті жұмсақ матадан тігілген жөргектер 900-2 000 теңге, ал муслин немесе тоқыма жөргектер бағасы 1 500-3 500 теңге аралығында болады.
Осы тоғыз заттан тұратын жиынтықтың ең арзаны Алматыдан табылды. Алматылықтар жиынтықты небәрі 6 500 теңгеге топтастыра ала алады. Ал Павлодарда 7 100 теңге, Өскеменде 7 300 теңге, Қарағанды 7 400 теңге, Астанада 7 470 теңге, Оралда 7 900 теңге және Таразда 7 900 теңге. Шымкент пен Петропавл тұрғындары жаңа туған сәбиге арналған жиынтықты 8 000 теңге топтастырып алады. Ақтау мен Көкшетауда мұндай жиынтықтың бағасы 9 000 теңгеден сәл жоғары. Талдықорған, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан және Атырауда сәби киімін өзіңіз жинаған кезде ең төменгі орташа баға 10 000 теңге шамасында болады. Қостанай мен Ақтөбеде мұндай жиынтықты, ең төменгі бағасы — 13 000 теңге. Дәл осындай жиынтыққа жұмсалатын ең жоғары шығын 30 000 теңгеге дейін жетеді.
Кейбір ата-аналар бұрын қолданылған таза әрі сапалы жиынтықтарды өзге адамдардан сатып алады. Мысалы, бірнеше көйлекше, бас киім, еңбектеме және өзге де киімдер кіретін жиынтықты сатушылар 6 000 теңгеге бағалаған. Оны хабарландыру сайттарынан таба аласыз. Жалпы алғанда, дүкендердегі дайын жиынтықтардың бағасы арзанырақ болып шыққанымен, олардың ішіндегі заттардың құрамы мен сапасы ата-аналардың талабына сәйкес келе бермейді.
Бұған дейін Kazinform Қазақстандағы ҰБТ-ға дайындық курсының бағасы туралы жазды.