Садыр Жапаров Қырғызстаннан жасырын алтын шығару туралы видеоны фейк деп атады

 Садыр Жапаров Қырғызстаннан жасырын алтын шығару туралы видеоны фейк деп атады
Фото: "Кабар" агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында елден алтын шығаруға байланысты резонанс тудырған видеоға түсінік берді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қырғыз алтыны шетелге жасырын шығарылғаны және бұған президенттің үлкен ағасы Сабыр Жапаровтың қатысы бар екені айтылған.

«Бұл видеоны алғаш көргенде менің күлкім келді. Алтын ұрлап, оны шетелге шығарып жатқандар осындай видеоны өздері түсіріп, әлеуметтік желіге тарата ала ма? Бүгінде еліміздегі мемлекеттік алтын кеніштерінен бір тонна түгілі, бір грамм да алтын ұрлау мүмкін емес», – деп жауап берді Садыр Жапаров.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік алтын кеніштері мен Қара-Балтадағы аффинаж зауытында бейнекамералар орнатылған. Бейне тәулік бойы түсіріліп, компьютерге жазылады. Ағалары мен отбасына қатысты сауалға жауап берген Садыр Жапаров олардың шетелге ешнәрсе экспорттамайтынын, керісінше елге шетелден әкелетінін атап өтті.

«Мен қанша уақыт Президент болатынымды білмеймін, оны тек бір Құдай ғана біледі. Президенттік мерзімім аяқталып, қызметтен кететін болсам, мен ғана емес, менің туыстарым мен балаларымның әрқайсысы біздің елге инвестиция ретінде қанша және қайдан қаражат тартқаны, қандай мекемелер салғаны, қанша ақша салғаны, Қырғызстанға қандай пайда әкелгені туралы есеп береді», - деп атап өтті ол.

Мысал ретінде Қырғыз Республикасының Президенті алтын өндіру саласындағы пайда туралы статистикалық деректерді келтірді. Айтуынша, «Қырғызалтын» компаниясының 2020 жылға дейінгі таза табысы небәрі 340 миллион сом болса, 2023 жылы 12 миллиард 600 миллион сомға жеткен. Мұндай көрсеткіштер тек «Қырғызалтын» мен «Құмторда» ғана емес, кеден және салық жүйесінде де өскен.

Тәуелсіздік алғаннан бері 2020 жылға дейін ұлттық қор бар болғаны 16 тоннаға жетті. Бүгінде республикалық қор – 52 тонна. Бұл соңғы үш жылдағы ғана жетістік. Жыл соңына дейін бұл сандар әлі де артады, деген Садыр Жапаров жалған видеоларға сенбеуге шақырды.

«Уақыт бәрін өз орнына қояды. Енді жасанды интеллект көмегімен кез келген адамның дауысына еліктейтін бейнеролик жасауға болады», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар