Садыр Жапаров жұмыс сапарымен Қазақстанға келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 17 қыркүйекте «Орталық Азия – Германия» мемлекет басшыларының екінші отырысына қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келеді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Әзімбақиевтің айтуынша, сапар аясында Қырғызстан басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен ГФР Федералды канцлерінің екінші кездесуіне қатысады.
Тараптар өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін, оның ішінде Орталық Азия өңірінің Германия Республикасымен барлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтуді талқылайды.
- Сонымен қатар Садыр Жапаров Орталық Азия елдері президенттерінің неміс кәсіпкерлерімен кездесуіне қатысады, неміс бизнес қауымдастығымен жеке кездесу өткізеді, сондай-ақ Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцпен екіжақты келіссөздер жүргізеді, - деді ресми өкіл.
Бұған дейін Германия Федералды Канцлері Олаф Шольц Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келетіні хабарланған.
Германия Федералды Канцлері Олаф Шольц «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысады, оның барысында кең ауқымдағы стратегиялық ынтымақтастық пен серіктестік мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талқылау жоспарланған.