Сағадат Нұрмағамбетовтің тарихи тұлғасы әлі толық зерттелген жоқ – шәкірттері
АСТАНА. KAZINFORM – Л.Н.Гумилев атындағы университетте Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сағадат Нұрмағамбетов: Тумысы бөлек тұлға» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, аталған университеттің әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайыловтың айтуынша, Сағадат Нұрмағамбетовтің көпшілік біле бермейтін қыры көп.

«Конференцияда, одан кейін де батыр тұлғаның тарихы тұлғасы жан-жақты ашылады деген сенім мол. Себебі, әлі зерттелмеген дүние көп. Мысалы, оның балалық шағы тауқыметке толы болған. 19 жаста әскери өмірге қадам басқаннан кейінгі тағдыры – бөлек әңгіме. Жалпы, оны елі үшін екі рет ерлік жасаған тұлға десек болады. Біріншісі – 19 жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанса, екіншісі – еліміз тәуелсіздік алған қиын-қыстау кезеңде шинелін қайтадан киіп, Қарулы күштердің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Тағы бір атап өтерлігі, ол халықаралық деңгейде әскери ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысты. Бұл бағытта әскери ғалымдар зерттеу жұмыстарын қолға алса екен деген тілегіміз бар», - дейді Әбубәкір Смайылов.
2005 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының отырысында бүкіл әлемнен жалғыз ғана майдангер сөз сөйлеген. Ол Сағадат Нұрмағамбетов болатын.

«Оның тарихи сөзін БҰҰ-ның архивінен алдық. Бұл іске қолғабыс еткен ҚР Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке алғысымызды білдіреміз. Оның айтқан сөздері, ұсыныстары әлі күнге дейін өзегін жоғалтпағанына көз жетіп отыр. Батыр тұлғаның қазіргі әлемдегі геосаяси қақтығыстар жайлы айтқан пікірлерін сараптасақ, оның көрегенділік қырын тани түсеміз», - деді Ә.Смайылов.
Сағадат Нұрмағамбетовтің шәкірттерінің бірі, генерал-лейтенант Абай Тасболатов жылы естеліктерімен бөлісті.

«Сағадат Нұрмағамбетов екінші әкеміз болатын. Қарап тұрсам, патриоттық сезім, Отанды сүю деген ұғымдар адам қиналған сәтте білінетін сияқты. Себебі Сағадат Қожахметұлының балалық шағы қиын сәттерге толы болды. Әкесін көрген жоқ. Алты жасында шешесінен айырылды. Ағасы Сағиттың тәрбиесінде болып, қан майданда ол да жан тапсырды. Небары 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атануы оның мықтылығын айқындай түседі. Тәуелсіздік алған жылдары ел Қарулы күштерінің аяққа тұруына өлшеусіз үлес қосқанына тарих куә. Қаражат тапшылығы сияқты көптеген қиындықтар туындаған кезде де оқу-жаттығу жиындар үздіксіз жалғасып жататын еді. Оның тағы бір ерекше қасиеті – адамды тани білуі еді. Мықты кадрды жас кезінен аңғаратын. Олай дейтінім, мен қатарлас бірқатар азаматты 40 жасында үлкен әскери қызметтерге тағайындады. Кейін зейнеткерлікке шыққанда «қалай сеніп тапсырдыңыз?» деп сұрағанда, «адамды тани білуші едім» деп қысқа қайыратын» еді», - деді Абай Тасболатов.
Конференцияға қатысушылар, шәкірттері Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігін насихаттау мақсатында фильм түсіру сияқты ауқымды жұмыстарды қолға алу керек екенін атап өтті. Олар батыр тұлғаның тарихи тұлғасы толық зерттеуді қажет ететінін еске салды.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Сағадат Нұрмағамбетовтің сенімін ақтаған шәкірт туралы хабарлаған едік. Бастеми Жантемірұлы тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің тікелей басқаруымен лауазымды қызметке тағайындалған.