Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Сәкен Бибосынов (2-0, 1 КО) кәсіпқой бокста екінші жекпе-жегін өткізді.
                                              Бұл сайыс Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында болды. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жекте ол сол елдің өкілі Әділет Качкынбековпен қолғап түйістірді.
Екеуі де кәсіпқой бокста екінші мәрте шаршы алаңға шыққан еді. Қарсыластар алты раундты толық өткізді. Төрешілердің бірауыздан шешімімен Сәкен Бибосынов 60:53, 60:53, 58:55 есебімен қарсыласынан басым түсті.
Осылайша Сәкен қатарынан екінші мәрте жеңіске жетсе, қырғызстандық боксшы әзірге бірде-бір мәрте қарсыластарын қапы қалдыра алған жоқ.
Айта кетсек, Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде биылғы жылдың 20 шілдесінде филиппиндік Кристиан Леганмен кездесті. Бұл жолы отандасымыз қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберіп, жеңіс тұғырына көтерілді.