Сәкен Бибосынов Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов ширек финалда қарсыласын ұтып, Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.

Атап айтсақ, 51 келі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз ширек финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Киаран Макдональдтан айласын асырып, лицензияға қол жеткізді.
Бибосынов бірінші және екінші раундта қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, үшінші раундта бір рет нокдаун алды.

Төрешілердің бірауыздан шешімімен отандасымыз Олимпиада жолдамасына ие болды.
Осылайша Сәкен Бибосынов карьерасындағы екінші Олимпиадада бақ сынамақ. Ол осыған дейін Токио Олимпиадасында сынға түскен болатын.
Енді Бибосыновтың ширек финалға дейінгі жеңісті жолдарын қысқаша еске түсіріп өтсек. Ол қазірге дейін үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

Ол бірінші іріктеу кезеңінде гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен қолғап түйістіріп, үшінші раундта қарсыласын техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
Екінші рет, яғни 1/16 финалда Кения спортшысы Дэвид Каранча Мачарианы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
Ал үшінші рет Бибосынов Бахрейн атынан сынға түсіп жүрген қазақ боксшысы Азат Махметовті жарыс жолынан тайдырып, ширек финалға шыққан болатын.
Міне, бүгін ширек финалда Ұлыбритания өкілін ұтты.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Айбек Оралбай ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді ұтып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алғанын жазған едік.
Бұл — Италия шаршы алаңында қазақ боксшылары жеңіп алған екінші жолдама. Ал жалпы қазақ боксшыларынан ерлер арасындағы үшінші жолдама.
Осыған дейін бокстан Парижге жолдама ерлер арасында +92 кг салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың қолында ғана болған.

Ол Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ, Италия төрінде Париж Олимпиадасының жолдамасына бес бұрымды боксшыымыз таласып, өкінішке қарай бесеуі де лицензияға қол жеткізе алмады.
