«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Аршалы стансасына аялдайды

Медициналық пойыз Аршалы стансасына 25 шілде күні сағат 2:44-те тоқтайды.
Ал, 26 шілде күні сағат 23:45-те келесі стансаға аттанып кетеді.
Медициналық пойыздың бағыты медициналық кабинеті жоқ аймақтарды қамтиды.
Осылайша, биыл шалғайдағы елді мекен тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқа да салалар бойынша тегін тексеруден өтіп, емделуге мүмкіндік алды.
Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен жабдықталған. Одан бөлек, сымсыз интернет байланыс құралдарымен қамтылған.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр. Әлеуметтік жобаның басты ақпараттық серіктесі – ҚР Президентінің телерадиокешені.
Биыл ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алу құқығын қорғау мәселесі бойынша тегін консультация беріліп келеді.
Айта кетейік, сапары 26 сәуірде Алматы-2 стансасынан басталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін жүреді. Пойыз мамандары 26 сәуір мен 17 шілде аралығында Алматы, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының 47 стансасының тұрғындарына кәсіби медициналық, заңгерлік және медиативті көмек көрсетіп үлгерді.