«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Тоғызақ станциясына келді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек қолжетімді болады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Тоғызақ станциясына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Тоғызақ станциясына медициналық пойыз 5 шілде күні сағат 6:14-те келді және 5 шілдеде сағат 19:30-да кетеді.

Сонымен бірге, пойыз кестесіне Денисов, Зааят, Қазанбасы, Шалғышы, Арқалық, Баранкөл, Приишимская сияқты станциялар да енгізілген.

Медициналық пойыздың бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Осылайша, биыл шалғайдағы елдімекен тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқа да салалар бойынша тегін тексеруден өтіп, емделуге мүмкіндік алды. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен жабдықталған. Одан бөлек, сымсыз интернет байланыс құралдарымен қамтылған.

Айта кетейік, 26 сәуірде Алматы-2 станциясынан басталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін жүреді.

Бұған дейін медициналық пойыз Жетісу облысында болған еді. Дәрігерлер Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл станцияларының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Облыс бойынша медициналық тур Достық станциясында аяқталды.

Жетісу облысынан кейін медициналық пойыз Шығыс Қазақстан облысына бағыт алды. Дәрігерлер Жарма, Ертіс зауыты, Тишинская, Ермаков, Таусамалы, Алтай, Күмістау, Шар, Белағаш және Суықбұлақ станцияларының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.

Одан кейін медициналық пойыз Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралап, Қостанай облысына жетті.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр. Ал, маңызы зор ауқымды әлеуметтік жобаның негізгі ақпараттық серіктесі - ҚР Президентінің Телерадиокешені.

Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін консультациялар беріліп келеді. Сонымен қатар, шалғай аймақтардың тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.


Соңғы жаңалықтар