Салық көбейеді, теңге нығаяды, жұмыс орындары ашылады – ӨБК қайта қарау не үшін маңызды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин ірі кен орындарының өнімін бөлу келісімін қайта қарау не үшін маңызды екенін, онда қай бағыттарға көңіл бөлу қажеттігін айтып берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруды тапсырған еді.
Қазіргі таңда ірі кен орындарының өнімін бөлу келісіміне сай жұмыс істеп жатқан жобалар қатарына «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» секілді ірі мұнай-газ кен орындары бар.
− «Теңіз» кен орнын игеруге қатысты келісімге 1993 жылы қол қойылды. Ол 40 жылға, яғни 2033 жылға дейін есептелген. Сол секілді 2038 жылы «Қарашығанақ», 2042 жылы «Қашаған» кен орындарының келісім мерзімі аяқталады. Сол келісімдер аяқталғанда, ӨБК қайта жасақталуы немесе ұзартылуы мүмкін. Осы кезде біз мемлекет мүддесін сақтап қалуымыз керек. Яғни бөлінетін өнімнің үлкен үлесі бізде болуы керек. Кейбір салықтық жеңілдіктерді қайта қарау керек. Ең бастысы – сырттан алатын импорттық тауарлар үлесін өте азайтып, отандық тауарларды көбейту керек. Үш ірі оператормен өткен жиналыста Үкіметке отандық тауарлар үлесін 70 пайызға дейін жеткізу талабын келісімге енгізуді ұсындым, − деді Е.Жаңбыршин агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Мәжіліс депутаты жаңа Өнімді бөлісу келісімінде кадрлық мәселелер, ғылымға бөлінетін ақша, жергілікті тауарларды алу мәселесінде де мемлекет өз мүддесін қорғауы керегін жеткізді.
− Бұл нені береді? Егер біз импорттық тауарларды отандық тауарлармен алмастырсақ, жаңа жұмыс орындары ашылады, жаңа технология келеді, қызметкерлеріміздің біліктілігі өседі. Салық базасы көбейеді және теңгенің тұрақтылығына әсер етеді. Себебі бұл өте ірі жобалар. Сондықтан осындай экономикаға үлкен үлес қосатын, дамуына мүмкіндік беретін талаптарды осы келісімде қарауымыз керек, − деді Еділ Жаңбыршин.
Сонымен бірге, комитет төрағасы экологиялық таза технологиялардың енгізілуі, жан-жануарлар әлемін бақылау, тартылып жатқан теңізге қатысты көптеген сұрақ келісімді қайта қарау кезінде көтерілуі керек деп есептейді.
− Бұл жұмысты қазір бастай беру керек. Үкімет өз талаптарын жинақтап, сол жөнінде консультациялар өткізуі керек деп есептеймін. «Теңіз» келісімінің аяқталуына 7-8 жыл қалды. Оған қазірден мұқият дайындықты бастау керек, − деді спикер.
Бұған дейін «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» ЖШС (NCOC) басқарушы директоры Джанкарло Рую Өнімді бөлу туралы келісімді (ӨБК) Қазақстан үшін тиімді шарттармен ұзарту мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген еді.