«Самара-Шымкент» тасжолында қалып қойған өзбекстандық жолаушылар құтқарылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік полиция қызметкерлері өзбекстандық жолаушыларды аман алып қалды. Автобустың дизельді отыны қатып, 46 жолаушы көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
24 қаңтар күні жол-патруль полициясы ротасының взвод командирі Манат Аманғосов пен аға инспектор Мұратбек Қуанышбаев кезекшілікке шықты. Сол кезде «Самара-Шымкент» тасжолында Өзбекстан жолаушылары мінген автобустың тұрып қалғаны анықталды. Түн ортасында автобустың дизелді отыны қатып, жолаушылар тоңып қалған.
«43 жастағы жүргізуші Шымкенттен Ресейдің Уфа қаласына бағыт алғанын жеткізді. Автобус ішінде 46 жолаушы болған. Далада -27 градус аяз. Тоңған жолаушыларға жедел көмек көрсету үшін полиция қызметкерлері әріптестерін шақырып, қысқы жанармай құйды. Кейін жолаушыларды Жайсаң шекара бекеті, яғни, Ресей аумағына дейін еріп барды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, өткен жылы «Самара-Шымкент» бағытындағы жолаушылар автобусының дизельді отыны қатып қалып, 52 жолаушы тірілей жанып кеткен болатын.