12:33, 20 Наурыз 2024 | GMT +5
Самат Әбішке қандай шектеулер қойылады
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сот үкімінің шығуына байланысты Самат Әбішке қандай шектеу шаралары қолданылатындығын айтты.

«Үкімге қатысты сауалды судьяға қойған жөн шығар. Біз өз құзіретіміз шегінде жұмыс істейміз. Аталған азамат пробациялық бақылауда болады. Оның сыртқа шығу құқығы жоқ. Яғни, тұрып жатқан жердің аумағында ғана болады және тиісті процедурадан өтеді», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар Ержан Сәденов Самат Әбіштің Қазақстан аумағына тысқары шыға алмайтындығын, тек тұрғылықты жерінде болуы керектігін баса айтты.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш шартты түрде 8 жыл мерзімге сотталғанын жазған едік.