Самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов дзюдодан да бақ сынауы мүмкін
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ресейдің Сочи қаласында өткен әлем чемпонатында алтын медаль алған ақтөбелік спортшы Есет Қуанов алдағы уақытта дзюдода бақ сынауы мүмкін.
Бұл туралы әлем чемпионы баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе үшін Олимпиада чемпионын дайындау басты мақсатқа айналды. Ресейдің Сочи қаласында өткен әлем чемпионатында Есет Қуанов жеңіске жетіп, елге оралған соң ол өз жоспарымен бөлісті.
«Ақтөбеге келіп, ыстық ықыласқа бөлендік. Бұл жеңіс оңай болған жоқ. Біз еңбек етіп, тер төктік. Мен бұл жеңіске ұзақ жыл дайындалдым. 2013 жылы Қазақстан құрамасына өтіп, халықаралық турнирлерге қатыстым. 2014 жылдан бастап ҚР чемпионы болдым. Әлем чемпионаттарына қатысып, осы жолы жеңіске жеттім. Тәжірибе жинап, алтын медаль алдым. Ақтық сында Ресей спортшысымен кездесіп, ұттым. Аслан Мудрановпен 2014 жылы Лондондағы әлем чемпионатында кездескен едім. Ол жарыста жеңіліп, бұл жолы есе қайтардым»,- деді самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов.
Айта кетейік, Сочиде өткен әлем чемпионатына Қазақстаннан 27 спортшы қатысты. Барлығы 9 салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпиондары анықталы. Ал Ақтөбеден 4 спортшы барды. Үшеуі самбодан, біреуі әскери самбодан қатысты. Әскери самбодан қола жүлде алған Амандық Асауұлы алдағы уақытта бар күшін спортқа арнайды.
«Мен үлкен додаға алғаш рет қатыстым. Қателік жасап, тісімді сындырып алдым. Жартылай финал кезінде бельгиялық спортшыны жеңіп, үшінші орынды иелендім»,- деді Амандық Асауұлы. Самбо шеберлерінің жаттықтырушысы Ақәділ Убаевтың айтуынша, әлем чемпионы Есет Қуанов алдағы уақытта дзюдодан жарыстарға қатысуы мүмкін. Себебі, дзюдо олимпиада ойындарының қатарына енді.
«Самбо Азия, Африка ойындарына кірді. Есет Қуанов келер жылы Джакартада өтетін Азия ойындарына қатысады деп жоспарланды. Самбо да Олимпиада ойындарының қатарына енуі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс жолды таңдаймыз»,- деді Ақәділ Убаев. Самбо мен дзюдоны қатар алып жүрген спортшы Есет Қуанов Есет батыр Көкіұлының 325 жылдығында дүниеге келді. Арада ширек ғасыр өткенде батырдың 350 жылдығы тойланып, Есет Қуанұлы жеңіске жетті.