22:54, 22 Шілде 2025 | GMT +5
Самирхон Абабакиров ХХХІІ Дүниежүзілік Универсиада ойындарының чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда өтіп жатқан ХХХІІ жазғы Дүниежүзілік Универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Самирхон Абабакиров салды.

Финалда 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абабакиров түркиялық Омер Фарук Дайыоглумен кездесіп, оны раундтар бойынша 2:0 есебімен (12:11, 11:3) жеңді. Осылайша, қазақстандық спортшы алтын медаль иеленсе, оның қарсыласы күміске қол жеткізді.
Бұл Қазақстанның таеквондодан Универсиада-2025 додасындағы алтыншы медалі. Бұған дейін Дамир Шуленов, Тамирлан Тілеулес, Батырхан Төлеуғали, Бейбарыс Қаблан және Нодира Ахмедова қола жүлдегер атанған болатын.
Самирхон жарыс барысында бес кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады.
Ал бұған дейін ол Қытайдағы турнирде таэквондошы күміспен күптелген еді.