«Самұрық-Қазына» өкілдері қорды таратуды ұсынған депутаттың сынына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы Сатып алулардың әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың сынына жауап берді.

Еске салсақ, депутат «Самұрық-Қазына» сатып алатын тауарлар мен қызметтердің 60 пайызын бір көзден алатынын айтып, қорды таратып жіберуді ұсынған болатын. Қордың сатып алу саясаты туралы баспасөз мәслихатында журналистер осы сынды корпорация өкілдерінің есіне салды.
— Жалпы сатып алулар үлесі туралы әңгіме болғанда негізгі үш алпауытты салыстырып жатады. Бұл — Мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сатып алулар және «Самұрық-қазына» қорының сатып алулары. Біздің қордың сатып алуларына келсек, мемлекеттік сатып алуларға қарағанда үлкен айырмашылықтар бар. Біз бірінші кезекте өндірістік-коммерциялық міндеттерге басымдық береміз. Өйткені портфельдік қорымыз негізінен өндірістік компаниялар мен жүйе құраушы компаниялардан тұрады. Сондықтан сатып алатын тауарлары мен қызметтердің номенклатурасы мүлде басқаша. Тиісінше сатып алулар тәсілі де басқаша, — деді Азамат Сембай.
Айтуынша, қор 2022 жылдан бері бір көзден сатып алуға негіз болатын факторларды қысқартып жатқан көрінеді.
— Негіздемелер саны 47-ден 18 дейін 47 пайыз қысқарды. Бір көзден сатып алудың негізгі үлесін холдингтің өз ішіндегі кооперациялық сатып алулар алып жатыр. Мысалы, мұнай-газ саласында шикі мұнайды өңдеуші зауытқа дейін тасымалдау керек. Осы мұнай таситын құбырдың операторы «ҚазТрансОйл» да «Қазмұнайгаздың еншілес компаниясы. Газ тасымалдайтын құбырдың негізгі операторы да QazaqGaz-дың құрамындағы қордың еншілес компаниясы. Тиісінше, холдинг ішіндегі кооперация аясында келісімшарттар жасайды. Электр энергиясына келсек, электр қуатын генерациялау үшін көмір сатып алу керек. Біздің қордың құрамына «Богатырь Көмір» кіреді. Кейін осы көмірден өндірілген электр қуатын елді мекендердегі тұтынушыларға жеткізу керек. Бұл жердегі ұлттық оператор KEGOK та да біздің еншілес компания. Қорға кіретін кәсіпорындардың бәрі де электр қуатын тұтынады. Сәйкесінше, олар да бір көзден сатып алады. Теміржол тасымалы да осыған ұқсас. «Қазақстан Теміржол» компаниясы да қордың құрамына кіреді. Сәйкесінше, теміржол тасымалына байланысты сатып алулардың бәрі холдинг ішіндегі кооперация аясында бір көзден сатып алынады, — деді ол.
«Самұрық-Қазына» өкілі бүкіл сатып алу процесі Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мақұлдауынан өтетінін айтады.
— Бүкіл сатып алу тәсілдерін мемлекеттік органдар мақұлдаған. Біз бір көзден сатып алу үлесін жоспарлы түрде қысқарта береміз. Кейінгі екі жылда 50 пайыздан артық қысқарттық. Бұрын холдинг ішіндегі кооперация аясында бір көзден сатып алудың 208 негіздемесі болса, қазір 100 ғана. Осы 108 негіздемеден басқа себептерге байланысты бір көзден сатып алуға жол жоқ, — деді Азамат Сембай.
Бұған дейін Бектенов Самұрық-Қазынаның отандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткішін сынағанын жаздық.