Санкт-Петерборда Қазақстан Президентінің ядролық қаруға қарсы бастамаларын қолдауға арналған халықаралық конференция өтеді

Бұл туралы Мәжіліс аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Мәжілісте палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Ұйымдастыру комитетінің жиыны өтіп, қатысушылар форумның күн тәртібіне қатысты ұсыныстарды қарап, оны өткізу мәселелерін сараптады.
Форум бағдарламасында ғаламдық қауіпсіздік, ядролық қарудың заңсыз айналымына және өндірісіне жол бермеу, ядролық материалдарға сенімді бақылауды қамтамасыз ету, таратпау, басқа да іс-әрекеттерде парламентшілердің үлесі сынды және басқа да тақырыптарды қамту көзделіп отыр.
Ұйымдастыру комитеті мүшелеріне сөзін арнаған Нұрлан Нығматулин: «Бұл конференцияның біз үшін маңыздылығы өте зор. Себебі, халықаралық парламентшілердің ерекше назарында тағы да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жолындағы әлемдік бастамалары болады», - деді. Ең алдымен, оның жаһандық «АТОМ» жобасы. Санкт-Петербордағы диалог алаңында әлемнің көптеген елдерінен танымал парламентшілері, көрнекті саясаткерлер, ядролық қарусыздану саласындағы ғалымдар мен сарапшылпар бас қосады.
Ұйымдастыру комитетінің мүшелері бұл шараның ядролық қауіпті жою және ядросыз әлем құру жолында күш біріктіруде жаңа қадамдар жасауға зор үлес қосатынына сенімді.