Сапарбаев әр ауылға спорт алаңын салуды тапсырды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Алдағы екі жылда Ақтөбенің әр ауылына спорт алаңы салынып, аудан орталықтарында дене шынықтыру және спорт кешендері пайдалануға берілуі тиіс. Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаев берген тапсырма, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысында биыл «Балалар жылы» жарияланды. «Бақытты балалық шақ» атты акция аясында балаларға ойын алаңын салу тапсырылған болатын. Кәсіпкерлер өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бұл ұсынысын қолдады. Білім беру, мәдениет, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие мен балаларды дамытуға бағытталған сегіз бағыт бойынша жұмыс жүреді. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі.
«Облыста мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты үш ауысымды және апатты мектептер мәселелерін шешуге ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылы 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді, қазіргі кезде 26 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2019 жылға қарай апаттық жағдайдағы мектептердің, ал 2020 жылға дейін үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуді жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбеде балабақша сұранысы 2020 жылы толық қамтамасыз етіледі. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында балабақша салуға ынталы. Қазіргі кезде өңірде балабақшамен қамту көрсеткіші 96% құрады.
«Өңір басшысы аудан әкімдеріне 2018-2019 жылдар ішінде барлық ауылдарды спорттық алаңдармен жабдықтау, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тапсырды», - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл Әйтеке би, Ырғыз, Қарғалы, Мәртөк ауданында дене шынықтыру, спорт кешендері салынады.