Сапарбаев бес күн ішінде Ақтөбе тұрғындарын түгел жылумен қамтуға тапсырма берді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 15 қазан күні Ақтөбе тұрғындарын түгел жылумен қамтуға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жылу маусымындағы жұмыстарды пысықтады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Дастан Амановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс тұрғындарының 67%, мектептердің 90%, балабақшалардың 97 % және денсаулық сақтау нысандарының 94% жылумен қамтамасыз етілді. Ал Ақтөбе қаласындағы емдеу мекемелерінің бәріне жылу берілді. Тек кейбір мектеп пен тұрғын үйлер жылусыз отыр. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қажетті қатты отынмен, яғни, көмірмен түгел қамтамасыз етілді. Өңірге 38,5 мың тонна көмір жеткізілді. Сонымен қатар, 3,2 мың тонна дизель отыны дайын. Бұл бар қажеттіліктің тек 80% құрап отыр. Мәліметтерге сүйенсек, дизель отынын жеткізу Байғанин және Ырғыз аудандарында баяу жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев сұйық отын қорын толықтыруды жеделдетуді тапсырды. Жиын кезінде барлық ірі коммуналдық кәсіпорындардың басшылары есеп берді.
«15 қазанға дейін көпқабатты үйлердің барлығында жылу қосылуы керек. Жылыту маусымын өткізуге жауапты басшылардың жеке жауапкершіліктері жөнінде ескертемін. Аудан әкімдері әлеуметтік нысандарға жылу берілу жағдайымен, сондай-ақ сұйық және қатты отын қорының жеткілікті екеніне сол жерлерде жүріп, жеке танысулары керек»,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, биыл коммуналдық нысандарды жылу маусымына дайындау үшін кәсіпорындар мен жергілікті бюджеттен 8,3 млрд. бөлінді. «Бүгінгі күні 239,5 шақырымдық жылу жолына, 273,6 шақырымдық электр желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 638 қазандық жылу маусымына дайындалды. Таяуда 331,5 шақырымдық сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінінің жөндеу жұмыстары аяқталады»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын кезінде егін жинау науқанының аяқталуы сөз болды. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, биыл 512 мың тоннадан астам астық жиналды. Гектарынан 13,2 центнер өнім алынды. Қазіргі кезде келесі жылғы егін егу науқанына дайындық үшін топырақты өңдеп, қысқы дақылдарды егу жұмыстары аяқталып қалды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жемшөп дайындауды жалғастыру, келесі маусымға даярланған тұқымдық материалдың сапасын тексеру, топырақтың дұрыс өңделіп, тыңайтқыш себілуін қамтамасыз етуді, егістік және суармалы жерлерді көбейту, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін және кооперативтерді дамытуды тапсырды. «Біз келесі жылы облысты жергілікті көкөніс, ет және сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге тырысуымыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі жиын кезінде «Туған жер» республикалық форумы қорытындыланғанын мәлімдеді. Енді жұмыс - келісімдер мен меморандумдардың орындалуын үнемі бақылауда ұстау. Форум кезінде құны 76 млрд. теңге болатын 20- дан астам меморандумына қол қойылды. Сонымен қатар форум қатысушылары өңірдің дамуына 5 миллиард теңге демеушілік көмек көрсетеді.