Сапарбаев БҰҰ Даму бағдарламасына Шалқар көлін тазарту жобасын ұсынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимас Шимомурумен кездесті. Кездесу кезінде Қарғалы су қоймасын жаңғырту, Шалқар көлін құтқару, ауыл шаруашылығындағы жасыл технологияны дамыту жобалары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапарбаев БҰҰ Даму бағдарламасына Шалқар көлін тазарту жобасын ұсынды

БҰҰ Даму бағдарламасы Ақтөбе үшін маңызды жобаларды қолға алып, іске асырды. Мәселен, 2016 жылдың наурыз айында Бердібек Сапарбаев пен Норимас Шимомура кездесуінен соң Ақтөбе су қоймасын жаңғырту үшін 147,4 миллион теңге бөлінді. Ірі табиғи апат болған жағдайда тұрғындарды дер кезінде хабарлауға мүмкіндік беретін құрылғы қондырылып, ескерту жүйесі орнатылды.

«2018 жыл Қазақстан мен БҰҰ ДБ үшін айтулы жыл болып тұр. Өйткені БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы қызметінің басталғанына 25 жыл толады. Осы уақыттың ішінде ұйым елімізде, атап айтқанда Ақтөбе облысында көп жұмыс атқарды. Біз ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кездесу кезінде өңір басшысы Қарғалы су қоймасын реконструкциялау, Шалқар көлін құтқару, ауыл шаруашылығындағы жасыл технологияны дамыту жобаларын жүзеге асыруды жалғастыруды ұсынды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Норимас Шимомуруды 1 маусымда өтетін балалардың халықаралық фестиваліне қатысуға шақырды.

«Жобалар қызықты әрі назар аударуға тұрарлық. БҰҰ Даму бағдарламасының оларға қалай қатыса алатыны туралы ойлануымыз керек. Ал 1 маусымдағы мерекелік шараға қатысамын. Күні бұрын бұл күнді белгілеп, жоспарлап қойдым», - деді БҰҰ ДБ тұрақты өкілі.