Сапарбаев халық алдында не үшін ұялатынын айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев уақытылы шығарылмай жатқан қоқыстарды көріп, халық алдында ұялатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапарбаев халық алдында не үшін ұялатынын айтты

Бүгін қаланың 5 айлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін қорытындыланып, өңір басшысы қала әкімі Ілияс Испановтың жұмысын нашар деп бағалады.

«Қоқыс мәселесінде өз-өзімізге проблема жасап алдық. «Ақжол» компаниясы, тағы басқалары кінәлі деп айтамыз, бірақ содан бері 2 ай өтті. Кеше ғана жиналып, қолда бар техниканы санап шықтық. Техника жеткілікті. Тек әкімдік жақсы сызба жасап, соны күн сайын таңертең тексеру керек еді. Қала әкімінде 4 орынбасары бар. Жастарды жұмысқа алдық. Бірақ жұмыс мардымсыз. Шынын айтқанда, қоқыс компанияларында кейінге шегінетін жол жоқ. Тәртіп орнату керек. Өңір басшысы ретінде қала тұрғындары алдында ұяламын. Әлеуметтік желіде қоқысқа жиі шағымданады. Күн сайын қарап отырамын. Мен енді облыс экономикасымен емес, қоқыс мәселесімен айналысуым керек пе?»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде қоқыс шығаратын компаниялар саны 10-нан 4-ке қысқартылды. Ақтөбе қаласы бойынша 32 қоқыс техникасы бар. Оның төртеуі бұзылып қалды.  Жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жол салу, құрылыс, қоқыс мәселелерін дер кезінде шешу үшін үш комиссия құрылатынын мәлімдеді.

«Қазақстандағы облыс орталықтары ішінен ең лас қала - Ақтөбе қаласы. Бұл ұят. Бір айдың ішінде бәрін ретке келтіреміз деп уәде берген еді. Бірақ екі ай өтті, әлі жұмыс нашар. Осылай қоқыстың ортасында отыра береміз бе?»,- деді Б.Сапарбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаладағы қоқысты шығару үшін 10 компания жұмысқа кіріскен болатын. Бірақ арада 2 ай өткенімен, мәселе оң шешімін таппай, компаниялар айыппұл төлей бастады.