Сапарбаев: Қазіргі заманда бәсекелестік болмаса, мемлекеттің дамуы қиын
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 6 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Олардың 444-і «Алтын белгі» үміткері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Қазақстанда соңғы қоңырау соғылды. Ақтөбе облысы бойынша биыл 6582 оқушы мектеп бітіріп жатыр. Олар алда емтихан тапсырып, ҰБТ сынағынан өтеді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы №55 орта мектепке барып, түлектерді құттықтады.
«Қазіргі заманда бәсекелестік болмаса, ол мемлекеттің дамуы өте қиын. Әрбір мемлекеттің дамуы, оның адами капиталына байланысты. Сондықтан мемлекетте неғұрлым білімді, тәрбиелі, денсаулығы мықты азаматтар болса, ол мемлекеттің болашағы бар, халқының тұрмысы, жағдайы әрдайым жақсара түседі. Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін азаматтары қазіргі дүниежүзі талабына, стандартына сай білім алуы керек, үш тілді меңгеру керек. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес бүкіл Қазақстанда, Ақтөбе өңірінде де білім саласына бар жағдай жасалып жатыр»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша 4,7 млрд. теңгеге 13 білім ордасының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 8-і пайдалануға берілді. Биыл 8540 орынды 20 мектеп салынып жатыр.