Сапарбаев мемлекеттік грантқа ілікпеген үздік түлектердің тегін білім алуына көмектеспек

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Келер оқу жылы ҰБТ тапсырып, мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған үздік түлектер облыс әкімінің грантын ала алады. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мектеп оқушыларымен кездесуінде айтып, уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Сапарбаев мемлекеттік грантқа ілікпеген үздік түлектердің тегін білім алуына көмектеспек

Мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмаған түлектерге тағы бір мүмкіндік беріледі. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпазы атанған ақтөбелік түлектер облыс әкімінің грантын ала алады. 

«Мемлекет басшысы білім беруді дамыту мен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән береді. Елімізде балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Сіздердің міндеттеріңіз - жақсы білім алу үшін беріліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану», - деді Бердібек Сапарбаев.

Ал ақтөбелік дарынды оқушылар  жыл бойы лагерьде тыныға алады. Демалыс орны биыл өнерде, спортта, білімде үздік атанған 3 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. Мемлекеттік-жеке серіктестік аясында «Ақтөбе-Шығыс» лагері демалу, сауықтыру жұмыстарымен қатар, балалардың білімін жетілдіруге жағдай жасамақ. Лагерьдің бір ауысымы 12 күннен тұрады.