Сапарбаев мұнай-газ саласында Қытаймен серіктестіктің 20 жылдығымен құттықтады

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ осы жылдар бойы Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарында мұнай мен газ өндіріп келеді. Қазіргі уақытта бұл салада 16 мыңнан астам адам жұмыс істесе, оның 7 мыңнан астамы өңірдегі ең ірі мұнай компаниясында еңбек етеді. Қазақстан-Қытай арасындағы мұнай-газ серіктестігіне 20 жыл толуына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнайшыларды құттықтады.
«Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өзімен-өзі қалды. Сол кезде ел байлығын тез арада игеріп, халықтың тұрмысын жақсарту керек еді. 90-шы жылдары Қазақстанның байлығын игеру үшін дүниежүзіне әйгілі «Шеврон», «Аджип», «Бритиш газ» компаниялары келіп, экономикамызды қалпына келтіруге көмектесті. Қазақстанның мұнайын, соның ішінде Ақтөбе өңірінің мұнай-газына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ келіп, игерді. Қазақстан мен Қытай - шекаралас, Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан екі мемлекет. Тәуелсіздік алған күннен бастап көрші бауырлас мемлекет есебінде біздің саяси-экономикалық қарым-қатынасымыз күннен-күнге ілгері басып келеді. Қытайлық компания инвестициямен бірге жаңа технологияны әкелді. 20 жылдың ішінде 100 миллион тоннаға жуық мұнай, 50 миллиард текше метр газ өндірілді. Компания 20 жылда өңіріміздің экномикасына 13 миллиард доллар инвестиция салды»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, ірі мұнай компаниясы қазіргі кезде Ақтөбе қаласында құны 1,5 миллиард теңге болатын Жастар сарайын салып жатыр. Биыл өңірге 90 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.