Сапарбаев оқушы өлімі болған аудандық мектепте ата-аналармен кездесті

Шалқар ауданында биылғы қаңтар айының соңында пышақ жарақатынан жасөспірім көз жұмды. Осы оқиғадан кейін мектептерге металл іздейтін құрылғы қондырылып, күзетті арнайы мекемеге беру қолға алынды.
6 ақпан күні облыс әкімі Шалқар ауданына жұмыс сапарымен барып, ата-аналармен кездесу өткізді. Жиынға мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп психологтары мен ардагер ұстаздар шақырылды.
«Өкінішке қарай, оқушылар төбелесіп, соңы қайғылы аяқталды. Соның бірі Шалқар ауданында болды. Балалар неге бұрыс жолға түсті, оларды дұрыс жолға салу үшін не істеу керек? Осы сұрақ талқылануы тиіс», - деді өңір басшысы.
Бала тәрбиесінде ата-ана, мемлекет, қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек. «Егер ата-ана, мұғалім, мектеп инспекторы оқушы бойындағы өзгерісті дер кезінде көре алса, аңғарса, қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді», - деген ойын білдірді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімінің айтуынша, балалар тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмегендер жауапкершілікке тартылуы тиіс.
«Оқушы бір мезетте қолына пышақ алып, біреуді жаралай алмайды. Ұсақ бұзақылық жасайды, төбелеседі, айтқанды тыңдамайтын тентек болады, мінезі өзгереді. Дәл осы өзгеріс болса мектеп психологы, инспектор, социолог жұмыс істеуі тиіс. Ата-ана да бейжай қалмауы қажет. Ал ешкім мән бермесе, жазалансын. Себебі, жауапкершілік болуы керек», - деді ол.
Жиын кезінде тәрбие жұмысын күшейтіп, жастарды спорт, мәдениет, білім беру нысандарымен қамтамасыз етуге тапсырма берілді.
Айта кетейік, соңғы уақытта Ақтөбе облысында оқушылардың, студенттердің арасындағы төбелес жиі орын алуда.