Сапарбаев: Су тасқынын пайдаланып мәселесін шешіп алғысы келетін адамдар бар
«Баспанасы суда қалған адамдардың бәріне көмектесеміз. Қалалық әкімдік жанынан 7 комиссия құрылып, олар шығынды анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Әр отбасыны мұқият зерттеуіміз керек. Біріншіден, бәрі заңға сәйкес болады. Екіншіден, баспанасы суда қалған адамдардың әлеуметтік жағдайына, тұрмысына қараймыз. Бәрі алдағы он күнде шешіледі. Жер алады, жатақханаға орналасады немесе сол үйде тұра береді. Бәрі мұқтаждығына байланысты. Өкінішке қарай, осы жағдайды пайдаланып, барлық мәселесін шешіп алғысы келетін адамдар бар. Олай болмайды»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 77 үй қирап қалды. 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге шығарылып, жергілікті әкімдік 110 отбасыға 30 мың теңгеден беріп, пәтер жалдап тұруға көмектесті. Қаржы «Қолғанат Ақтөбе» қорынан алынды. Бұл қорға 45 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды.