Сапарбаев су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбедегі ірі су қоймаларындағы қар суының деңгейі әртүрлі. Бірі толса, екіншісі 40 пайызға жетпеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапарбаев су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты

Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен аумақты аралап, Ақтөбе жəне Қарғалы су қоймасын қарап шықты. Қаладағы Қарғалы жəне Елек өзендерінің жағдайымен танысып, қар қорын бағамдады. Өңір басшысы бақылауды күшейтіп, жағдайды әуеден қарады. Кейін төтенше жағдайлар жəне құтқару кезінде жауапты мемлекеттік мекемелер, «Қазсушар», «Қазгидромет» РМК басшылары қатысқан кезектен тыс комиссия отырысын өткізді.

«Ұшу сапары көрсеткендей, бүгінгі күні жағдай қалыпты, қар қоры да аздау. Бұған қарамастан бізге бір сəтке де босаңсуға жəне жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды. Мұнымен қоса ауылшаруашылығына қажетті су қорын жинақтауды да ұмытпау қажет. Жалпы алғанда тасқынға қарсы жұмыс шараларын жүргізу күнделікті бақылауда» - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
null

Ақтөбе облыстық ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықовтың мəліметінше, бүгінгі күні Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарында 13 тасқынға қарсы штаб жұмыс істейді. Барлығы 958 қоңырау түсіп, 177 мың текше метр су сорылды. Сонымен қатар, 1300 текше метр инертті материал жеткізілді.

nullАлға ауданында тасқын су жолды басып қалды. Қазіргі кезде кезекшілік тағайындалып, инженерлік техника қойылды. Жұмысқа 1400 адам, 922 бірлік техника, 52 мотопомпа тартылды. Ал елді мекеннен 300 мың текше метр қар шығарылды.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалы басшысы Б.Наметовтың айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе су қоймасында су көлемі 180 миллион текше метрге жетті. Су қоймасы 74 пайызға толды. Қарғалы су қоймасына 38 пайыз, Сазды су қоймасына толықтай су жиналды.