«Сапарбаев тұлғасы»: Бердібек Мәшбекұлына арналған кітап таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Іс-шара ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің, Үкімет пен Парламенттің өкілдері, облыс әкімдіктерінен өкілдер, зиялы қауым, мемлекет қайраткерінің әріптестері мен шәкірттері, отбасы мүшелері, сондай-ақ Академия тыңдаушылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай тұсаукесердегі құттықтау сөзінде Бердібек Машбекұлының 40 жылдан астам мемлекеттік қызметтегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Бердібек Сапарбаев еңбек жолын қатардағы қызметтен бастап, бес облыстың әкімі, Премьер-министрдің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Ол — мемлекеттік басқару жүйесін жетік меңгерген, ел үшін жанын салып еңбек еткен тұлға. Халық Бердібек Мәшбекұлын әділдігі мен табандылығы үшін «дағдарыс менеджері» деп атады.

Көрнекті қайраткер еңбек демалысына шыққанда жастарға сабақ берсем деген ойын жүзеге асырып, өмірінің соңына дейін Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілерге дәріс оқыды. Бердібек Мәшбекұлы — тұтас бір буынды тәрбиелеген, мемлекеттік қызметте мектеп қалыптастырған тұлға.
Қырымбек Елеуұлы өз сөзінде Бердібек Мәшбекұлының ел тәуелсіздік алғалы саяси сахнаға шығып, мықты қаржыгер, ұлтжанды, әлеуметшіл азамат болғанын, аймақтардың мәселелерін шешу үшін нәтижелі жұмыс істегенін атап өтті.

Шараға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров сияқты замандастары және шәкірті, Аманат партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек естеліктерін бөлісті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов ҚР Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың арнайы хатын оқып берді.
Кітапты құрастырған — Ұлан Айхожаев және Абай Сейфуллаұлы. «Сапарбаев тұлғасы» кітабы — тек бір адамның өмірбаяны емес, бұл — мемлекеттік қызметке адалдықтың, елге жан-тәнімен қызмет етудің жарқын үлгісі. Бұл туынды — ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбек жолын жастарға үлгі етіп, жас мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын қалыптастыру мақсатында жарық көрген маңызды еңбек.
Айта кетейік, Бердібек Сапарбаевтың Президент Телерадиокешеніне берген соңғы сұхбаты жарық көрді.