Сапарбаев жаңа тағайындалған аудан әкіміне бірнеше тапсырма берді
Ақтөбе облысы Алға ауданының әкімі болып 42 жастағы Нағымжан Алдияров тағайындалды. Ол бұған дейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Аудан активімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа басшыға бірқатар тапсырма жүктеді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономика өсіміне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Он айдың қорытындысы бойынша облысымыздың экономикасы 5 пайызды құрады. Осы жұмысты жалғастырып, Президент тапсырмасын орындау қажет. Ол үшін бізде барлық қор бар», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Облыс орталығына жақын орналасқан Алға ауданында ауыл шаруашылығы, өндіріс жақсы дамыған. Мұнда өндіріске қажетті жарылғыш заттар шығаратын зауыт, қиыршық тас зауыты бар.
«Жері құнарлы, су қоры жеткілікті, аудан Ақтөбе қаласына өте жақын орналасқан. Ауыл шаруашылығын дамытуға болады. Сонымен қатар, суармалы жерлерді айналымға енгізу, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамыту, қайта өңдеуді арттыру бағытындағы жұмысты жандандыру керек», - деді Б.Сапарбаев.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті бюджет түсімін арттыру, шағын және орта бизнесті, жол бойындағы қызмет көрсетуді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту тапсырылды. «Туған жерге тағзым» акциясы да сырт қалмауы тиіс. Халықты жұмыспен қамту міндеттелді. Денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт саласы нысандарының құрылысын кедергісіз жүргізіп, әлеуметтік мәселелердің шешімін уақытылы бақылау тапсырылды. Алға ауданы әкімінің міндетін атқарып отырған Гүлназ Сисенова өз жұмысын тиянақты істеді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше ай бойы тынымсыз еңбек еткен басшыға алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Нағымжан Алдияров Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Байқадам ауылында туған. Білімі - жоғары. М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясының теміржол тасымалын ұйымдастыру инженері мамандығын алды. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономика мамандығын меңгерді. «Аққайың» өндіріс кооперативінде аға есепші, «Казагропромбанк» АҚ-да маман, «Жүк тасымалы» бөлімшесінің Ақтөбе бекетіндегі пойыздарындада жүкті қабылдаушы-тапсырушы, Жіңішке бекетінде пойыздарды құрастырушының көмекшісі, Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алға қаласының әкімі, Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары «Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.