Сапарбаев жемқорлық туралы: Оның әкесі, атасы сотталған деген жақсы сөз емес

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік мұғалімдер оқу жылы басталғанда пара алған бұрынғы әріптестері туралы бейнеролик көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапарбаев жемқорлық туралы: Оның әкесі, атасы сотталған деген жақсы сөз емес

Ақтөбе облысының педагогтары бүгін жаңа оқу жылына арналған тамыз кеңесіне қатысты. Өңірде барлығы 398 мектеп болса, онда 134 мыңнан астам бала білім алады. Облыста 2 мектеп үш тілде дәріс береді. Қазіргі уақытта 27 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 9 мектеп қыркүйекте пайдалануға берілмек.

«Білім беру жүйесін оңтайландыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Облыста мемлекеттік нормативке сай емес 40 мектеп бар. Соңғы үш жылда 33 шағын мектеп қызметін тоқтатты. 12 жылдық білім беру үрдісін ескеріп, контингенті аз, тұрғындардың өсу динамикасы жоқ мектептерге талдау жүргізу тапсырылды. Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Хромтау аудандарындағы мектептерді оңтайландыру қажет. Қайта құру және жабу бойынша шешім қабылдамас бұрын балалардың жан-жақты білім алуы үшін жағжай жасалытынын ата-анаға түсіндіру сұралады»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Тамыз кеңесі кезінде білім саласындағы жетістіктермен қатар, педагогтар мен басшылардың пара алу, беру жағдайлары туралы айтылды. Педагогтар бұрын басшылық қызметті атқарып, пара алған жазасын өтеуші Әкімгерей Көшербаев секілді бірнеше адамның қылмыстық ісін қарады. Бейнеролик арқылы 2014 жылы пара алғаны үшін сотталған Марат Ғабидуллиннің өкінішін тыңдады.

«Басшылық қызметте жүргенде «маған бәрі болады» деп ойлап, қателік жасадым. Қазір заман басқа, заң басқа. Біздің артымызда отбасымыз, бауырларымыз бар. Біздің қателігімізден тегімізге қара дақ түседі. Сондықтан заңды сақтап, жастарға дұрыс тәрбие беруіңізді сұраймын»,- деді жазасын өтеуші М.Ғабидуллин.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев егер басшы ақша сұраса директор мұғалімнен, мұғалім ата-анадан жинайтынын жасырмады.

«Бейнеролик басшыларға арнайы көрсетілді. Егер білім, денсаулық сақтау саласында дәл осындай қылмыс жасалып, бәрі ақшамен шешілсе, мемлекеттігімізге сын. Департамент басшысы мектеп директорынан ақша алса, директор мұғалімнен алады, мұғалім балаға жақсы баға қою үшін ата-анадан сұрайды. Бұл тек өзімізге емес, болашаққа сын болатын іс. «Оның әкесі немесе атасы сотталған» деген жақсы сөз емес. Сондықтан жақсы ұрпақ тәрбиелейміз десек, адал еңбек етуіміз керек»,- деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.