Сапарбаев жолақыны көтеруді сұраған тасымалдаушылардан сапалы қызметті талап етті

Ақтөбеліктер «автобустардың іші лас, қоғамдық көліктердің ара қашықтығы ұзақ, қыста іші салқын, жазда ыстық, кондукторлар дөрекі, жүргізушілер жылдамдықты асырады» деген шағымды жиі айтады. Бүгін Ақтөбе облыстық әкімдігінде осы мәселелер тағы айтылды.
«Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қоғамдық көліктің жұмысына жиі шағымданады. Ақтөбеліктер қозғалыс аралығының сақталмауына, автобустардың жай-күйіне, жүргізушілер мен кондукторлардың мінез-құлқына шағымдануда. Кешке қарай автобустар ерте тоқтайтындықтан, адамдар барар жеріне жете алмайды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Қалада қоғамдық көліктің жолақысы - 55 теңге. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 50-бағыт бойынша қызмет көрсететін «Автопарк» ЖШС мен «Ақтөбе қаласының Жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС өкілдері аталған мәселелерді жоққа шығармайды. Олар «көліктердің тозығы жетті, автопарктегі автобустарды жаңарту мен жөндеуге қаржы жетпейді» деп өз нұсқаларын жеткізді. Қазіргі кезде қала ішіндегі қоғамдық қатынас үшін 400-ден астам автобус қажет болса, күніне орта есеппен 310 автобусы шығады. Әрі жүргізушілер тапшы.
«Қоғамдық көлік жүргізушісі 14-16 сағат бойы жұмыс істейді. Жұмысы ауыр, бірақ еңбегіне аз жалақы алады. Бұл мәселені шешу үшін жүргізушілердің жалақысын көтеріп, олардың ауысыммен жұмыс істеуін ұйымдастыру қажет», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктің жолақысы - 55 теңге. Көліктердің көбі сұйытылған газбен жүреді. Дегенмен тасымалдаушылар жолақы бағасын өсіру туралы бірнеше рет ұсыныс жасады. Әкімдіктің де қояр талабы бар. Алдымен қызмет көрсету сапасы арттыруы шарт. Кейін жолақыны көтеру туралы ұсыныс қаралады. Жергілікті билік жолаушылар ағыны мен әр бағыттың тиімділігін анықтайтын электронды билет жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл тасымалдаушылардың қаржылық жағдайын нақты бағалауға және көлеңкелі бизнесті азайтуға мүмкіндік береді. Жиын кезінде 2018 жылы арнайы құрылған жұмыс тобы тарифтерді көтеру мәселесін қарастыратыны айтылды.