Сапасыз автомектептер тізілімнен шығарылады — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жаңадан көлік жүргізе бастаған азаматтарды даярлау сапасына талап күшейтіледі. Автомектептердің жұмысы қатаң бақылауға алынып, талаптарды бұзған оқу ұйымдары жалпы тізілімнен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
— Көлік құралын басқаруды жаңадан бастаған жүргізушілер санатына ерекше назар аудару қажет. Көбіне олар жол жағдайын және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламау, жол ережелерін сақтамау салдарынан апатқа ұшырап жатады, — деді Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне көлік жүргізушілерін даярлау сапасын арттыру мақсатында оқу ұйымдарының қызметін реттеу және үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
— Заң бұзу анықталған жағдайда міндетін адал атқармаған автомектептерді жалпы тізілімнен шығару қажет. Бұл бағыт бойынша министрліктің тиісті өкілеттіктері бар, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Көлік министрі елдегі жол апаттарының басты себебін атаған еді.
Сондай-ақ жалған техбайқау өткізген орталықтар 3 жыл жұмыс істей алмайды.