Сарапшы жаңа Конституцияны іске асыру кезеңдерін атады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы референдум қорытындылары мен жаңа Конституцияны іске асырудың алдағы қадамдары «Jibek Joly» телеарнасындағы «Талдау» бағдарламасында саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің қатысуымен талқыланды.
Саясаттанушы жаңартылған конституциялық жүйені кезең-кезеңімен енгізу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Негізгі заң бірден күшіне енбейді.
– Конституция бірден қолданысқа енгізілмейді. Құжаттың өтпелі ережелеріне сәйкес, жаңа Негізгі заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін қолданыстағы Парламент ауқымды заң шығару жұмысын жүргізіп, бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы тиіс, - деді ол.
Осыған байланысты «Сайлау туралы» Конституциялық заңды қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл 30 маусымнан бастап қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылуына байланысты.
– 30 маусым – қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың соңғы жұмыс күні. Осы күні екі Палата да таратылып, депутаттардың өкілеттігі тоқтатылады, - деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының айтуынша, бұдан кейін екі ай ішінде жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауы өткізілуі тиіс. Сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтеді.
Сонымен қатар «Парламент туралы» жаңартылған Конституциялық заң қабылданып, онда Құрылтайдың құрылымы мен жұмыс тәртібі айқындалады. Бұдан бөлек, «Президент туралы» заңға да өзгерістер енгізіледі.
– Құрылтайдың қалай жұмыс істейтіні және оның регламенті қандай болатыны жаңа заңда нақты көрсетілуі тиіс, - деп атап өтті сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа Конституция нормаларын толық іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға да өзгерістер енгізу қажет.
– Жаңа Конституцияны жүзеге асыру үшін басқа да заңдарға көптеген түзету енгізіледі, - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Айта кетейік, енді Конституция күні жыл сайын 15 наурызда мемлекеттік мереке ретінде жалпыұлттық деңгейде атап өтіледі.