Сәтбаев әкімдігінің 80 млн теңгеге түсіріліп жатқан сериалы дауға қалды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Сәтбаев қаласы әкімдігінің тапсырысымен түсіріліп жатқан әлеуметтік сериал қоғамда дау туғызды. Қала бюджетінен 78,5 миллион теңге бөлінген бұл жобаға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру жүргізіп жатыр.

выход кино, прокат, фильм
Фото: Коллаж: Kazinform / Freepik

Сериал түсіруге қомақты қаржы бөлінгені жөніндегі ақпарат танымал телеграм- арнада жарияланған соң өрши түсті. Қала әкімдігі жоба негізінен тәрбиелік сипатта екенін айтып, қаржыландыруды Президенттің креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасымен байланыстырды.

«Мемлекет басшысы креативті индустрияны инклюзивті экономиканың маңызды бағыты ретінде атады. Осы орайда, біз 10 бөлімнен тұратын „Не керек?“ атты әлеуметтік веб-сериалды іске асырдық. Жобаның мақсаты — жастарды нашақорлық, тәртіпсіздік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сақтандыру әрі қаланың жас азаматтарының әлеуетін көрсету», — деп мәлімдеді Сәтбаев қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі.

Алайда жобаның орындаушысы ретінде облыстық мәслихат депутатына тиесілі компания таңдалуы күмән тудырды. Бұл ретте әкімдік мемлекеттік сатып алу заңнамасы толық сақталғанын айтып ақталды.

«Техникалық және шығармашылық мүмкіндіктерге сүйене отырып, жергілікті таланттарды қолдау үшін келісімшарт „ErNarMedia“ ЖШС-мен тікелей жасалды. Бұл шешім ішкі аудит пен монополияға қарсы органның келісімімен, ҚР „Мемлекеттік сатып алу туралы“ заңының 16-бабы, 3-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес қабылданды», — деп нақтылады ішкі саясат бөлімі.

Әкімдіктің мәліметінше, сериал бюджетінің басым бөлігі кәсіби актерлердің еңбекақысына және жоғары сапалы техниканы (4К камера, жарық, дыбыс, постпродакшн) жалға алуға жұмсалған. Қазірдің өзінде алғашқы үш бөлім түсіріліп, екеуі YouTube желісінде жүктелген. Қалған бөлімдер апта сайын жарияланады. Онлайн-көрсетілім аяқталған соң сериал «Ulytau» және «Aqsham» телеарналарына ұсынылады.

«Жоба тек креативті экономиканы қолдау ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік проблемаларын ашық көрсетіп, жастар арасында оң құндылықтарды насихаттауға бағытталған», — деді әкімдіктегілер.

Аталған жағдайға байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті түсініктеме берді. Ведомство өкілдері жоба бойынша өтініш түскенін растап, материалдар тергеліп жатқанын хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне осы жобаға қатысты өтініш келіп түсті. Құжаттар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаментіне сараптама жасау үшін жіберілді. Қазіргі таңда материалдар полиция департаментіне жолданды. Тергеу жүргізіліп жатыр, әзірге нақты түсініктеме бере алмаймыз», — делінген Антикор мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында сыбайлас жемқорлық күдігімен облыстық сот алқасының төрағасы ұсталған болатын

Соңғы жаңалықтар