11:52, 19 Қазан 2013 | GMT +5
Сәтпаев қаласында 700 АҚШ доллары көлемінде пара алған көші-қон полициясының қызметкері ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. 19 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Сәтпаев қаласындағы көші-қон полициясы тобының 27 жастағы инспекторы 700 АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде ұсталды, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

«Қызмет бөлмесінде Қазақстан Республикасы азаматтығын алуды жеделдету үшін 700 АҚШ доллары көлемінде пара алу үстінде көші-қон полициясы тобының 27 жастағы инспекторы құрықталды.
Полиция капитаны ақшаны 40 жастағы ер адамнан талап еткен», - деп айтылған хабарламада.
Қылмыскерді Қарағанды облысы ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері мен Сәтпаев қаласындағы қаржы полициясы аймақаралық басқармасының қызметкерлері бірлесе ұстағаны атап айтылуда.
«Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК 311-бабы 2-бөлімі («Пара алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде», - деп жалғастырды облыстық ІІД баспасөз қызметінде.