Сауд Арабиясындағы үңгірден гепардтың мумияланған қалдығы табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясы аумағындағы үңгірден гепардтардың мумияланған қалдықтары анықталды.
Ғалымдар елдің солтүстігінде, Арар қаласының маңында жүргізілген археологиялық және палеозоологиялық зерттеулер барысында бес үңгірден жасы 130 жылдан 1 800 жылға дейінгі аралықты қамтитын жеті мумияланған гепардты, сондай-ақ тағы 54 дарақтың сүйек қалдықтарын тапқан.
Зерттеушілердің айтуынша, ірі жыртқыштардың мумиялары аяқ-қолдарының жақсы сақталуымен ерекшеленеді және сыртқы келбеті жағынан кеуіп қалған қабықты еске салады.
Зерттеу авторларының бірі, Сауд Арабиясының Ұлттық жабайы табиғат орталығының қызметкері Ахмед Буг бұл олжаны өңірде гепардтардың болғанын дәлелдейтін айрықша әрі сирек кездесетін дерек деп атады.
Ғалымдар алғаш рет мумияланған ірі мысықтарға генетикалық талдау жүргізген. Нәтижесінде олардың ДНҚ-сі қазіргі азиялық және солтүстік-батыс африкалық гепардтардың геномына жақын екені анықталған.
Мамандардың атап өтуінше, Ресей аумағынан табылған қылыштісті жолбарыстың күшігін қоспағанда, ірі сүтқоректілердің мұндай деңгейде жақсы сақталған қалдықтары өте сирек кездеседі.
Бұрын Африканың едәуір бөлігінде және Азияның жекелеген өңірлерінде кең тараған гепардтар бүгінде өздерінің тарихи мекен ету аумағының небәрі 9 пайызында ғана сақталған.
Сонымен қатар зерттеушілер бұл олжалар гепардтарды ғана емес, жойылып бара жатқан өзге де жануар түрлерін Арабия түбегіне қайта қоныстандыру мүмкіндігіне үміт ұялатады деп отыр.
Зерттеу нәтижелері Communications Earth & Environment ғылыми журналында жарияланған.
Айта кетейік, Қытай мен Өзбекстан археологтері Кува қалашығы қабырғаларының қалдықтарын тапты.