Сауда қақтығысы: Бразилия АҚШ тауарларына қарсы шара қолдануға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилия 1 тамыздан бастап АҚШ-тан келетін тауарларға баж салығын енгізеді. Бұл туралы Оңтүстік Америка елінің президенті Луис Инасиу Лула да Силва мәлімдеді, деп жазады ТАСС.

Оның айтуынша, егер аталған күнге дейін АҚШ билігі Бразилия өнімдеріне жариялаған 50 пайыздық баж салығын жоймаса, ел «өзара жауап беру» қағидатына көшеді.
— Егер [АҚШ тарапынан баж салығын жою туралы] шешім қабылданбаса, біз 1 тамыздан бастап өзара шаралар қағидатын қолданамыз, — деді мемлекет басшысы Jornal Nacional басылымына берген сұхбатында.
Лула да Силва АҚШ-тың мұндай тарифтік саясаты BRICS елдерін өзара саудада АҚШ долларынан тезірек бас тартуға итермелеуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ президент бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптан келген хаттың мазмұнын «қабылдауға келмейді» деп бағалады. Хатта Трамп Бразилия басшылығын бұрынғы президент Жаир Болсонаруға қатысты сот процесіне байланысты сынға алған.
— Бұл — бір елдің екінші бір егемен мемлекеттің ішкі ісіне араласуы. Мұндай әрекет — ешқандай жағдайда қабылданбайды, — деді Лула да Силва.
Еске сала кетсек, Дональд Трамп 1 тамыздан бастап Бразилиядан әкелінетін тауарларға 50 пайыз көлемінде баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Ақ үй басшысының айтуынша, бұл шешім АҚШ пен Бразилия арасындағы сауда теңгерімінің бұзылуына байланысты қабылданған.
Бразилия президенті бұл мәлімдемелерді «абсурд» деп бағалады. Ол сондай-ақ АҚШ тарапынан енгізілген тарифтерге ел билігі 11 сәуірде қабылданған өзара экономикалық шаралар туралы заң аясында жауап беретінін айтты. Бұл заң сауда жеңілдіктерін, инвестицияларды және зияткерлік меншік құқықтарына қатысты міндеттемелерді тоқтату критерийлерін қамтиды.