Сауытбек Абдрахманов: Қазақ үшін аздың біреуі — Әбіш
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі әдебиеттанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Әбіш әлемі» атты дәрісі өтті.
Сөз басында әдебиеттанушы ғалым Сауытбек Абдрахманов өзінің Әбіш Кекілбаев тақырыбына қалай келгені, өмір жолдарының қалай тоқайласқаны туралы баяндады. Сонымен бірге, көпшілікке Әбіш Кекілбаевтың ұлы ойшылдығын толғаған «Абыз Әбіш» еңбегінің қалай жазылғаны жайында сыр шертіп, жазудағы, іздену жолындағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Жазушының асыл алмастай алуан қыры жан-жақты зерделенген бұл кітапта Әбіш Кекілбаевтың әлемдік ауқымдағы асқан ойшылдығы, қайталанбас дарынының мәдениеттанушылық, өнертанушылық, саясаттанушылық, тарихшылық, әдебиеттанушылық сипаттары айқара ашылған.

— Қай халықта да мақтан тұтатын тұлғалар болады. Ұлттың өз ішінде ардақ тұтатын адамдар аз емес. Бірақ, халықтың өзге дүниеге, әлемге маңдай етіп ұстайтын тұлғалары көп болмайды. Сол қазақ үшін аздың біреуі - Әбіш. «Әбіш әлемі» атты дәрістің ауқымы өте кең, байтақ әлем, оны дәл қазір тұтас қамтып айту қиын. Сондықтан бүгін Әбіш талантының негізгі бір қырына ғана тоқталайық. Ол қыры бұрын көп сөз етілмеген, арнайы зерттелмеген мәдениеттанушылық саласы. Бұны кең ауқымда, анық, тура түсіну үшін «Кекілбаев культурологиясы» деп қарағанымыз дұрыс. Кекілбаевтың айтқанын қарапайым тілмен түсіндірсек, құдай жаратқанның бәрі табиғат, адам жаратқанның бәрі мәдениетке жатады. Тағы бір қырынан түйіндеп айтасақ мәдениет дегеніміз өмір сүру өнері деп те түсіндіреді, — деді Сауытбек Абдрахманов.
Сонымен бірге ғалым Кекілбаевтың кенен ойшылдығын, тау тұлғалы дара талантын баян етіп, қызықты дәлел-дәйектер келтіріп, естеліктер айтты.

— 2003 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында 100 томдық «Әлем әдебиеті» сериясын жасақтауға кірісетін болдық. Әбіш ағамен ақылдасып, алдынан өтіп алайық деп, жазушы Әлібек Асқаров екеуміз үйіне бардық. Сонда Әбекең айналасы үш сағаттың ішінде ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттің бар асылын ағыл-тегіл ақтарып өтті. Қай заманда, қай қоғамда қандай тізгінүзді туындылар дүниеге келді, 100 томдық тізімге кіргізуге кімдердің шығармалары лайықты, олардың қайсылары бұған дейін аударылған, аударылса қалай аударылған, деген сияқты қат-қабат мәселелердің бәрін дәуірі, ағымдары, жанрлары, авторлары, елдері бойынша жіпке тізіп, айтып шықты. Сол жолы 100-ден астам шығарманы атап берді. «Бунинді бөліп-жармай Қалиханға тұтас беру керек. «Соғыс және бейбітшілікті» Төлен, «Тынық Донды» Дулат үстінен қайта қарағаны жөн, солардың оң жамбасына келеді» деген сияқты нақтылап та көрсетті. Әлемдегі былайғы жұрт аса жоғары бағалап, тіпті Нобельді берсе де қазақ оқырманының дүниетанымы, ділі қабылдай қоймайтын кітаптарды аударудан бас тартуды да ұсынды. Демек, ағамыз бүкіл әлем әдебиетін жаңғақтай шағады. Адамзат ардақтайтын көркем шығармалардың бәрін оқыған. Өзегінен өткізген, — деді әдебиеттанушы ғалым Сауытбек Абдрахманов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы түрік тілінде жарық көргені туралы жазған едік.