Сәуір-мамыр айларында терроризм мен экстремизм үшін 13 адам сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Сәуір-мамыр айларында ҰҚК тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.

Сәуір-мамыр айларында терроризм мен экстремизм үшін 13 адам сотталды
Фото: ҰҚК

Олардың бірі, Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттаған, сондай-ақ айналасындағыларды террористік белсенділік аймақтарына шығуға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Екіншісі, Шымкент қаласының тумасы айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекетін құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

— Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам, оның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталды, — деп жазды комитеттен.

ҰҚК мәліметінше олар ғаламторда және өз айналасында экстремистік материалдарды таратты, террористік белсенділік аймақтарына шығуға және өздерінің ұстанымдарымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілініп отыр. 

Қылмыстық кодекстің тиісті баптарында сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.

Комитет ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын ескертті. 

Бұған дейін ҰҚК Шекара қызметі темекі контрабандасының ірі партиясын анықтады.