Саяхат, бренд сағат, эксклюзив әшекей: адамдар Q-net құрған торға қалай түседі
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті облыс орталығында Q-net компаниясының құрылымдық бөлімшесін әшкереледі. Жәбірленушілер Kazinform тілшісіне атышулы қаржылық ұйым құрған торға қалай түскенін айтып берді.

Департаменттің мәліметінше, олар 2019 жылдың тамызы мен 2022 жылдың қаңтар айы аралығында желілік маркетинг және электронды коммерция деген желеумен 51 адамнан 63 млн 373,5 мың теңгеге жуық қаражат тартқан.
«Бәлен жерде алтын бар» дегенге алданғандардың бірі – қала тұрғыны Эльмира Жанашева. Жәбірленуші жұмыс барысында Q-net атауы бірде-бір рет аталмағанын айтты. Ең басты ерекшелігі, ағайын-туыс, әріптес, дос-жаран сияқты қарым-қатынасы өте жақсы адамдар ғана бір-бірін тартады.
– Мені құрбыларым шақырды. Өзім үйде тігінмен айналысамын. Соны кеңейтіп, өз алдыма цех ашқым келді. Олардың «бізге қосылсаң, арманыңа жетесің» деген сөзіне сендім. Бірақ кейін өзім ағайын-туыспен араласудан қалдым. Өйткені тәтем мен сіңлілерімді, қайын атам мен қайын сіңлімді тарттым. Әрқайсысына миллион теңгеден салдырдым. Ешкім сырттан адам тартпайды. Оның себебін кейін түсіндік. Өйткені туысқаның сенің үстіңнен арыз жазбайды. Ал олар «ақша алдымен жақыныңа түскені жақсы емес пе?!» деп, сенің қамыңды ойлаған сыңай танытады, - деді Эльмира Жанашева.
Тағы бір жәбірленуші Анар Ибраеваны келіні қоярда-қоймай көндірген.
– «Тәте, өзім жүгіріп жүріп жұмыс істеймін, маған тек салымшы керек» деді. Кейін жұмыс тәсіліне көз жеткізгесін мұның қаржылық пирамида екенін айтып едім, басқа қыздар үгіт-насихат жүргізді. «Бұрынғы мүшелері алаяқ болды, өз мүддесі үшін ақша жинап алып қашып кетті. Сол себепті пирамида деп есептейсіздер, бірақ шын мәнінде олай емес» деп түсіндірді. Өздерінің саяхаттағанын, табысын көрсетіп, салымшыларға апта сайын 200 мың теңге түсіп тұратынын айтып сендірді. Алғашқы кезде 900 мың теңге салдым. «5 жылға дейін жарамды, 5 мемлекетке қыдыра аласыз» деп карточка берді. Бірақ мен қыдырудан бұрын несиемді жапқым келетінін айттым. Өзім екі әріптесімді тартқаныммен оларға бұлай өтірік айта алмадым, - деді ол.
Салымшылар «әу баста мұның Q-net компаниясы екенін білгенде келмейтін едік» десті.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу барысында жәбірленушілердің компанияға 840 мың теңге мен 1 млн 500 мың теңге аралығында қаржы салғанын анықтады.
– Күдікті Бауыржан Уәли тез баю мақсатында желілік маркетинг және электронды коммерция деген желеумен компанияның басқа өнімдерін ұсынбастан және оны әдейі жоққа шығарып, шарт бойынша салымшыға бүкіл әлемдегі қонақүйлерге жеңілдіктер, «Leya» маркалы эксклюзивті алтын әшекей бұйымдар, «Bernhard H.Mayer» маркалы алтын бренд сағат пен «ProSpark» маркалы тіс пастасынан ұсынылған «QVI tripsavr» саяхат картасын жарнамалаған. Бірақ басты сот талқылауында сот күдіктілердің бұл іс-әрекеті жарнамалауға жатады деп үкім шығарды. Алайда, жәбірленуші тарап пен департамент аппелляциялық тәртіппен қайтадан сотқа жүгінді. Нәтижесінде күдіктілердің бұл іс-әрекеті қаржы пирамидасы екені нақты дәлелденді, - деді департаменттің тергеу басқармасының басшысы Медеу Таубай.
Сот үкімімен Бауыржан Уәли, Рүстем Жұмагелдиев, Дархан Шынғожаев, Гүлзат Белгібай, Гауһар Белгібай алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалау, яғни айтарлықтай залал келтіре отырып, ақпаратты жария түрде және электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдарды оған тартқаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде күдіктілер 5-6 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олардан «Toyota Camry» маркалы көлік, Астана қаласынан 7 пәтер, жалпы көлемі 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленді. Сот шешімімен тәркіленген мүлік есебінен салымшылардың ақшасы өндіріледі. Қалған мүлік мемлекетке қайтарылады.
Жәбірленуші Эльмира Жанашева өзі тартқан адамдармен бірге үстемеақыны айтпағанда 10 млн теңге қарызға батқан. Бәрі банктен несие алуға мәжбүр болыпты.
– Бірінші сотта тауымыз шағылып, енді ақшамыз қайтпайды деп ойладық. Аппеляцияға беріп, құжаттарды қайтадан көтеріп, департаменттің араласуымен ісіміз оңынан шешілді. Кінәлілер тиісті жазасын алды. Ақшамыздың қайтарылатынына, жақын-жуықтың алдында басымызды тік ұстап жүре алатынымызға қуандық, - деді ол.
Ең қызығы, Q-net мүшелері ұсынған саяхат картасында көк тиын болмай шыққан.
– Салған ақшамыз картада тұрғанына сендім. Картаны тексертіп, ол бос болып шыққанда алданғанымызды түсіндім, - деді жәбірленуші Анар Ибраева.
Айта кетейік, кейінгі үш жылда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 14 қаржылық пирамиданың жолын кесті.