Алматы: Саяхаттағы аялдама кешенінің құрылысы неге созылып кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Райымбек батыр даңғылы бойында салынып жатқан ірі көлік-тоқтау кешендерінің бірі — «Саяхат» аялдамасының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмай қалды. Қала әкімдігінің мәліметінше, нысанның дайындығы қазір — 85 пайыз, ал мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарының бекітілген кестесінен кешігіп қалған.
Бұған дейін қала билігі «Саяхат» ауданындағы үш көлік-тоқтау кешенінің құрылысын 2026 жылғы сәуір айында аяқтауды жоспарлаған еді. Жобаның жалпы құны — 1 млрд 658 млн теңге.
Алайда кейінгі мәліметтерге сәйкес, нысан толық пайдалануға тек маусым айында беріледі деп жоспарланып отыр.
Әкімдік дерегінше, қазіргі уақытта Райымбек батыр даңғылы бойындағы бірқатар нысан аяқталған. Атап айтқанда, «Сәлем» көлік-тоқтау кешені (батыс және шығыс жақтары) пайдалануға берілген. Жобаның құны — 607 млн теңге. Сондай-ақ Қалқаман шағынауданындағы № 7 қалалық аурухана маңындағы аялдама кешені де (даңғылдың солтүстік және оңтүстік жақтары) аяқталған. Оның құны 916 млн теңге болған.
Ал «Саяхат» кешеніндегі жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
Қала әкімдігі құрылыстың кешігуіне байланысты бас мердігерге қатысты келісімшарт талаптарына сәйкес шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
— Бас мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарының бекітілген кестесінен қалып қойған. Осыған байланысты келісімшарт талаптарына сәйкес мерзімді өткізіп алған әр күн үшін айыппұл (өсімпұл) есептеліп жатыр, — делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ мердігер ұйымға жұмыс қарқынын күшейту жөнінде тапсырма берілген.
Жоба Алматы агломерациясынан келетін жолаушылар ағынына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Әрбір көлік-тоқтау кешенінде ұзындығы шамамен 50 метр болатын шатыр қарастырылған. Ол бір мезетте алты автобустың тоқтауына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, аялдамалар сыртқы жарықтандыру жүйесі, электронды ақпараттық тақталар, орындықтар, қоқыс жәшіктері және қоршаулармен жабдықталған. Аумаққа абаттандыру жұмыстары істеліп, мүгедектігі бар азаматтар үшін тактильді плиткалар мен пандустар орнатылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан BRT жобасы қайта қаралып жатқанын хабарлаған едік.
Осыған байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, бұрын салынған инфрақұрылымның бір бөлігін бұзу мәселесі көтерілді. Бұл жұмыстар мердігер компанияның қаражаты есебінен атқарылуы мүмкін.