Саясат Нұрбек халықаралық Learning Hero сыйлығымен марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Coursera-ның жыл сайынғы конференциясында еліміз үшін маңызды тарихи оқиға болды – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық Learning Hero сыйлығымен марапатталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.
Learning Hero Award — бұл Coursera платформасының ықпалын көрсететін, білім беру саласындағы жаңашылдық пен өзгерістерге жол ашқан көшбасшыларға берілетін марапат. Бұл — цифрлық оқытуды ұлттық деңгейде дамытып жүрген азаматтарға арналған ерекше тану.
— Қазақстан білім беруді цифрландырудың бірегей үлгісін қалыптастырып келеді. Атап айтқанда, Coursera платформасында қазақстандық студенттер мен оқытушылар 350 000-нан астам сертификат алды, жүздеген курс қазақ тіліне аударылып, студеттерге қолжетімді болды, ЖОО-лар онлайн курстарды академиялық бағдарламаларына интеграциялады, үздік цифрлық ресурстар барлық жоғары оқу орындарының білім алушыларына қолжетімді болды, — деп жазды ведомстводан.
Осы стратегиялық қадамдар Қазақстанды бүкіл әлемге цифрлық білім беру реформасын табысты жүзеге асырып жатқан мемлекет ретінде танытты.
Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі жалған дипломның жолын кесу үшін бірыңғай база құрды.