Саяси репрессия құрбандары жерленген орындар кейін көшеге айналып, тегістеліп кетті — тарихшы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - 2021-2023 жылдары Қызылорда облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істеді.

Комиссия жұмысының нәтижесінде ХХ ғасырдың 20-40 жылдары Қызылорда қаласы маңында репрессия құрбандары атылған орындар анықталды. Олар — Қарауылтөбе елді мекенінің, Арай шағын ауданының, Ақмешіт шағын ауданындағы Орал казактары қорымының, бұрынғы Гагарин, қазіргі Сыр сүлейлері шағын ауданындағы Бостыбай қорымының аумағы. Комиссия құрамында болған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек талай жазықсыз жанның қаны бөккен орындарға белгі қойылып, халық өз тарихына құрметпен қарауы тиіс деп есептейді.
Кеңес одағының ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, тұрмысы орташаларды, кейде тіпті кедейлерді кулактар қатарына жатқызу, жұртты мал-мүлкінен айыру, дінге тыйым салу саясаты Сыр бойында да қызу жүрді. 1930 жылы Қызылорда облысында оған қарсы 5 көтеріліс болды. Олардың қатарында Қармақшы ауданында Ақмырза ишан Төсұлы, Пірмағамбет Лаубаев бастаған және 1930 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қазалы ауданында Иман Иімбетовтің жетекшілігімен болған Асан көтерілісін айтуға болады.

Ең ауқымдысы — Жұмағазы Бәйімбетов және Қожбан Жұбанов басқарған Қармақшы және Тереңөзек (қазіргі Сырдария) аудандарының аумағындағы Қарақұм көтерілісі.
— Жұмағазы — Бұқарадағы діни медреседе білім алған молда кісі. 1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты «Қарабөгет» деген жерде № 1 ауыл тұрғындарының жиынында Кеңес өкіметінің солақай саясатына қарсылық білдіріп, жиналғандарды жергілікті үкімет пен уәкілдерінен қорғану үшін Қарақұмға қашып, көшуді ұсынады. Өзгелер бұған келісіп, ортақ шешімге келеді. Алайда, оның ізіне ергендер бәрібір қызыл әскердің құрығынан құтыла алмайды. Жұмағазы хан мен жақтастарының іс-әрекеті объективті түрде дәлелденбесе де халықтың үрейін ұшыру үшін 1930 жылы 15 шілдеде оларды түгел ату жазасына кескен. Тек Жұмағазыға шығарылған үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. Ол 1931 жылы 16 сәуірде Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза тапқан. Жұмағазы молда тұтқындалған соң оның орнына басшы боп сайланған Қожбан Жұбанов Қызылорда қаласында атылып, шаһар маңындағы Қарауылтөбе ауылына жерленген. Тағы бір топ адам Бірқазан стансасы тұсындағы Қоңыртөбеде, келесі шоғыры осы күнгі Арай шағын ауданында оққа ұшырайды. Көпшілігінің жатқан жері әлі күнге белгісіз, — деді Бақытжан Ахметбек.
Халыққа теңдік сұрап бас көтерген Жұмағазы молда арада 96 жыл өтсе де ақталмады.
Тарихшы комиссия құрамында болған уақытта құқық қорғау органдарының архивімен жұмыс істеп, 70-тен астам адамды ақтау жөнінде ұсыныс берген.
— Саяси репрессия құрбандары жерленген орындар кейін көшеге айналып, тегістеліп кетті. Бәріне жол, үйлер мен ғимараттар салынды. Көбінде халқымыздың өткенінен хабар беретін белгі жоқ. Тек қаланың Арай шағын ауданындағы Алаш арыстары атылып, жерленген жерге арнайы ескерткіш тақта қойылып, қастерлі орынға айналды, — деді ғалым.

Ал 2015 жылы Қармақшы ауданындағы Марал ишан қорымына баратын жолдың басында, Алтын баба ескерткішінің артқы жағында Қарақұм көтерілісі құрбандары монументі бой көтерді.

Бұған дейін біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері Генк қаласында жерленген кеңес жауынгерлерінің бейітіне гүл шоқтарын қойғанын хабарлағанбыз.